|
29.10.2018 | 18:26
2028

Суық су мен кәріз ақысын төлемейтін алматылықтар саны екі есеге азайған

Суық су мен кәріз ақысын төлемейтін алматылықтар саны екі есеге азайған

Алматыда тұрғын үйлерден бастап, көлік жуатын ірі мекеме қожайындарына дейін суық су мен кәріздің ақысын төлеуден қашып жүр. Мәселен, 5 жыл бойы коммуналдық қызметті тегін пайдаланып келген көлік жөндейтін бір ғана орынның берешегі 4 миллион теңгеден асады. Дегенмен, соңғы уақытта борышкер тұрғындардың саны екі есеге азайған. Қазір олар «Алматы Су» мекемесіне 102 миллион теңге қарыз.  

Төле би көшесі бойындағы бүтін бір кешен нысан иесінің жауапсыздығынан сусыз қалды. Өйткені, көлік жуатын, жөндейтін және кішігірім дәмхананың суық суға деген қарызы 4 миллион теңгеден асып жығылады. Оған қоса, кәрізге 900 мың теңгеге жуық қарыз екен. Ол 3 жылдан бері төлемнен қашып келіпті.

Тексеріске шыққан комиссияны жұмысшылар, әлбетте, жылы қабылдай қойған жоқ. Бірақ соған қарамастан олар енді жиналған қарызын толық өтемейінше, суық сусыз және кәрізсіз отырады. Оларды мамандар өздері қосып алмайтындай етіп орталықтандырылған жүйеден ажыратты. Ал темір тұлпар жуатын орындардың жұмысшыларына қызметтерін тоқтатуға тура келді.

Тексеріс кезінде мамандар бірнеше жеке үйлерге де бас сұқты. Себебі, борышкерлер айлап емес, жылдап қарыздарын төлемей келеді екен. Берешектері 50 мыңнан басталып, 100 мың теңге көлемінде аяқталады. Ал кейбіреулері міз бақпастан өздері қосып алады дейді мамандар.

Өкінішке қарай, көп жағдайда тұрғындар үйде отырса да есіктерін ашпай қояды. Кейде абоненттің өзін табу мүмкін емес.

Тек Әуезов ауданындығы бір үйдің тұрғыны ғана «Алматы Су» мекемесінің мамандарына есік ашты. Белгілі болғандай, зейнеткер былтырдан бері суық суға 100 мың теңге қарыз боп қалған. Тек алдыңғы айда 20 мың теңге төлепті. Жағдайын айтқан оған мамандар бір күн уақыт берді. Ол қалған борышын бөліп төлеуге уәде берді.

Берешекті бірден өтей алмаймын десе, бөліп төлеуге мүмкіндік бар. Тек оны да пайдаланғысы келгендердің саны аз. Бір жылда 3 500-ден астам тұтунышы кәріз қызметінен ажыратылған. Сот орындаушыларына сомасы 74 миллион теңгені құрайтын 1700-ден аса талап жіберілген. Өйткені, дебиторлардан қарызды өндіру қиямет дейді.

«Рейд кезінде инспекторларға көбісі есіктерін ашпайды. Есіктерін ашпаған себепті, бір жыл немесе екі жыл бойына көрсеткіш алынбайды. Біз соның бәрін жинап, мекенжайларын заңгерлерге береміз. Мұнда кезінде заңсыз қосылған жеке тұлғалар көп. Алматы жылдам өсіп жатқандықтан, сондай заңсыз қосылушылар да көп», – деді «Алматы Су» МКК бас маманы Нұрлан БОПАЗОВ.

Мамандар осындай рейдтік тексерістердің арқасында ұзақ уақыттан бері қарызын төлемей жүргендер тезге келеді дейді. Жауапкершіліктерін түсініп, келесі күні-ақ берешектерінен құтылатын көрінеді. Ал сәуір айында алматылықтардың суық су мен кәрізге қарызы 350 миллион теңгеден асқан, қазір ол 102 миллион теңгеге азайыпты.  


Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир