|
07.11.2018 | 18:26
7380

Алматылық монополистер тұрғындардан 6,6 млрд теңгені заңсыз алған

Алматылық монополистер тұрғындардан 6,6 млрд теңгені заңсыз алған

Жұртты жарықпен, жылумен және сумен қамтамасыз етуі тиіс алматылық монополистер де тұтынушыларды ұзақ уақыт қанап келгені мәлім болып отыр. Тарифті заңсыз көтеру арқылы көптің қалтасын қаққан ірі мекемелердің тапқан пайдасы миллиардтап саналады. Есептеп, ақша алуға келгенде естен тандыратын компаниялардың заңсыз әрекетін прокуратура ұзақ тексерістен соң ғана анықтады.

Прокуратураның қара тізімінде 5 ірі мекеме бар. Барлығы да Алматыдағы ең ірі монополистер. Құдды бір, бәрі бірауыздан ақылдасып алғандай, 3 жыл бойы заңсыз пайдаға кенеліп отырған. Форс-мажорлыққа барып, халықты тарифпен мәжбүрлі түрде төлеткізу арқылы жиналған ақшаның көлемі 6,6 миллиард теңгеге жеткен.

«АлматыЭнергоСбыт», «Алатау Жарық Компаниясы», «Алматы Су», «ҚазТрансГаз Аймақ» және «Алматы жылу жүйесі». Осы монополистік мекемелер өз шығындарын заңсыз түрде ұлғайтып, сол арқылы тұтынушылардың заңсыз ақша-қаражатын алғаны анықталды», – деді Алматы қаласы прокурорының көмекшісі Роллан ЯҒМҰСОВ.  

Прокуратура тексерісінің ішінде ең көп пайда тауып, байыған мекеменің бірі – «Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамы. Олар өздерінің шығындарының көлемін көбейтіп көрсету арқылы сол шығынның орнын жабамыз деген желеумен 2,1 млрд теңге кіріс кіргізген. Қап-қап қаржыға қарық болған кәсіпорынның өкілі былай деді.

«Біз өзіміздің тарифімізді жоғарғы құзырлы мекемелер, Алматы мен Алматы облысындағы антимонополия комитетінің шешімімен бес жылға бекткенбіз. Тарифті көтеруге негіз болған себептің бірі – Төтенше жағдай комитеті энергия тасымалдау жүйелерін, сымдарын тексеріп, өткен ғасырдың ортасында жасалғандықтан, көптеген құралдар адам өміріне, қоршаған ортаға қауіпті деп тапты. Оларды қалыпқа келтіруге қаржы болмағандықтан арнайы заңды түрде хабарласып, тарифті көтеруге рұқсат берді», – деді «Алатау Жарық компаниясы» Ақ Жедел диспетчерлік басқармасының басшысы Борис БОБЕНЦОВ.  

Прокуратура жүргізген аудитті тексерудің нәтижесінде «АлматыЭнергоСбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де энергиямен жабдықтағыш шығындарды жасанды түрде көрсетіп, 1,1 млрд теңгеге заңсыз кенеліпті. Көгілдір отынның қожайыны саналатын «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы тарифтік сметасын 1,3 миллиард, «Алматы жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұтынушыларынан 1,1 млрд теңге негізсіз ақша жинаған.  Үш жыл жұртты қанап келген бұл мекемелердің басшылары да, заңды өкілдері де сұрақтан жалтарды.

«Монополистер және тиісті кінәлі тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қоғамда болып жатқан оқиғалар, басқа да арыз-шағымдар, деректердің нәтижесінде осындай жоспарланған тексеру жүргізілді», – деді Роллан ЯҒМҰСОВ.

Ал 600 мың теңге заңсыз пайда тапқан «Алматы Су» мемлекеттік кәсіпорны болса судың шығындарын тұтынушылардың есебінен жапқан. Құзырлы органның кезекті тексеруімен келіспей, сотқа шағымданса да жеңіліп қалған мемлекеттік мекеме алдағы бірнеше айда артық алған ақшаны қайтаруға міндетті.

Айтпақшы, оңай жолмен мол пайдаға кенелген жоғарыдағы монополистер тұрғындарға артық алған теңгені сытырлатып санап бермейді. Тек қайта есептесу арқылы алдағы уақытта пәтер ақыға кететін ай сайынғы теңгенің төлемін төмендетеді. Ал алпауыттардың емес, елдің ертеңін ойлауы тиіс антимонополистердің өзі заңсыздыққа жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бірақ қанша адамның жазаға тартылғаны туралы прокуратура ашып, анық ақпарат айтпады.


Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир