Жылу маусымы: Алматы маңындағы жеке үйлерде газ тапшылығы болмайды – «ҚазТрансГазАймақ»

18.10.2018 23:28

Алматыда жарты миллион абонемент үйін газбен жылытады. Сақылдаған сары аяз қысқан кезде қысым кеміп, тұрғындардың тоңуы жылда қайталанады. Ал жыл сайын кездесетін келеңсіздік биыл болмайды деп отыр монополистер. Тұрғындар қара суықта көгілдір отынның тапшылығын тартпас үшін жауаптылар қанша миллион текше метр газға тапсырыс берген?    

Көмір жағудың қиындығынан құтылған қарт ананың бірі – Бәтима Жұмабекқызы. Суықта өзінен бұрын немерелерінің тоңбауын түн толғанып уайымдайтын апа, қара алтынның тапшылығымен қоса қымбаттағанын ойлап қиналған күндері аз болмаған. Жетпіс жастан асқан қария бұдан былай көмір тасып, күл шығарудан толық құтылды. Айтуынша, «Алтын алқасының» арқасында елу пайыз жеңілдікпен үйіне газ қостырған.  

«Мұның алдында біз көмір жағатынбыз. Көмір тасып, отын жарып, кәдімгідей қиналатынбыз. Жылына 7-8 тонна көмір жағатынбыз. Ал газ қосқалы рахат болды. Елу пайыз көмекпен маған газ қосып берді. Әзір үйімізде жылы, асымыз да газбен пісіп жатыр. Газдың басшыларына рахмет. Немерелерім де жылы үйде өсіп жатыр», – дейді Бәтима ФАЗЫЛОВА.    

Ауа райын болжаушылар тұрғындары тығыз оңтүстік өңірде биылда қыстың қатты болатынын, аязды күндердің аз болмайтынын ескертті. Ал өткен жылы күн күрт суытқанда газ қысымы кеміп, пеші жанбай, құбыры қатқан халық апталап қиындық көрген еді. Өткеннен сабақ алған монополистер келеңсіздік қайталанбау үшін қысым реттегіш құрылғылар мен көлемі кең құбырларды биыл қайта қойдық дейді.  

«Реттегіш құралдарының  20-сы жаңадан қойылып, 35-і жаңадан жөнделіп ауыстырылды. Бәрі заманауи газ реттеуіш құрылғыларына реттеліп қойылды. Ауылды үлкен қысымнан орташа қысымға түсіріп, халыққа жеткізіп отыру үшін қойылды», – деді Алматы облысы Газ шаруашылықтары қауымдастығының бас инженері Мейрамбек ӘБІШБАЕВ.  

Жылуға жарымай, жаураған жұрт әсіресе, Қарасай, Іле аудандарының аумағында көп болған еді. Алматы облысы газ шаруашылықтарының басшылары болса Жамбыл, Талғар, Наурызбай және Алатау аудандарындағы 63 мың жеке тұрғын үй мен балабақша, мектеп сынды 3500-ден астам өзге де әлеуметтік нысандарды қыстан қысылмай алып шығамыз деп отыр. Аумақты көгілдір отынмен қамту аясында жанұяның санатына қарай жеңілдік жасалады.  

«Газ қысымының толықтай жетуін біз басты міндет деп қадағалап отырмыз. Толықтай жету мақастында қосымша газ желісі және шкафтық газ реттеу құралдары қойылды. Біздің Алматы облысына қарасты жаңағы Қарасай, Талғар, Жамбыл ауданы және Алматы қаласының Қарасай, Наурызбай аудандарында барлық сомасы 20 миллионға жуық жеңілдіктер жасалынып, көгілдір отынмен қамтып отырмыз», – деді Алматы облысы Газ шаруашылықтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Рүстем ӨТЕМБАЕВ.

Ал Алматы қаласында 500 мыңдай абонемент жеке газ пешіне тәуелді. Облыспен салыстырғанда қалада газға қосылу құны әлдеқайда төмен. Жұмыс инвестициялық бағдарлама аясында жасалғандықтан, газ тартқызу ақысы 150 мың теңге.

«Былтырғыдай 30 градустай салқын болуы мүмкін. Біз бұл суыққа дайынбыз. Барлық жабдықтарымыз орындалған. Жабдықтарымыз қолымызда. «ҚазТрансГаз» жағынан газ мөлшері де, көлемі де бар. Қысқа дайынбыз», – деді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Алматы өндірісінің директоры Бақтияр ІЗБАСАРОВ.

Өткен жылы 1 миллиард 100 миллион текше метр газ жағылған еді. Ал алдағы жылу маусымы кезінде жарты миллион үйдің сұранысын қамтамасыз ету үшін 1 млрд 200 млн текше метр газға тапсырыс беріліпті.


Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы