Ипотека арқылы үй алуға ақшаңыз жете ме? Енді бастапқы жарнаға қаржысы жетпейтін азаматтарға мемлекет жыл сайын 17 миллиард теңге бөлетін болды. Қомақты қаражат пәтер «сертификат» ретінде қарастырылған. Үкімет әр отбасының жеке баспанасы болуы үшін осындай қадамға барып отыр дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев. Ол биыл Қазақстанда қанша миллион шаршы метр үй тапсырылатынын да айтты.
Мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасына қатысуға бел буып, бірақ бастапқы жарна – 20 пайызға қаржысы жоқ азаматтардың енді үй алуы оңай болмақ. Мемлекет бұл жеңілдік үшін жыл сайын 17 миллиард теңге қаржы бөледі. Әр облысқа бір миллиардтан келетін қомақты сома қолма-қол ақшалай емес, сертификат ретінде таратылмақ. Оның кімге берілетінін жергілікті билік шешеді.
«Біз заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бұл құнды қағаздарды әкімдіктер беруін құжатқа енгізбек ниеттеміз. Олар өздері бұл тұрғын үй сертификаттарын жас отбасыларға немесе өңірде сұранысы мол маман иелеріне бере ме, оны жергілікті билік өздері шешуі тиіс. Бұл міндет әкімдік пен мәслихатқа жүктелмек», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.
Оның айтуынша, 2018 жылы 12 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Жалпы, бұл салаға былтыр бір триллион теңгеден артық инвестиция салынған.
«Жоспарда биыл 13 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру бар. Былтыр ең көп пәтер Астанада салынған – 2,4 миллион шаршы метр. Алматыда – 2 миллион, Маңғыстау облысында – 1,2 миллион шаршы метр пәтер салынды. Жалпы, бүкіл облыс алға қойған жоспарларын толық орындады», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі.
«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» төрайымы да өткен жылғы есебін баяндады. Ләззат Ибрагимованың сөзінше, қаржы мекемесі арқылы 2018 жылы 38 мыңнан астам адам пәтер алған.
«2018 жылы біздің банк арқылы күн сайын 100-150 адам баспаналы болды. Бұл біздің банк үшін рекордтық көрсеткіш деуге болады. Біз 38 мың 250 заем бердік. Әр төртінші несие «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша таратылды», - дейді Ләззат ИБРАГИМОВА.
Сонымен қатар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Астанада далада қалған үлескерлер жайын да айтты. Оның сөзінше, ұзақ жылдан бері баспанасына кіре алмай жүргендердің мәселесін шешу үшін Астана әкімдігі үкіметтен 40 миллиард теңге қаржы сұраған. Қазір бұл соманың тек төрт миллиарды бөлінгенімен, ол құрылысты жалғастыруға жұмсалмай отыр. Өйткені, құрылысы жарты жолда қалған компания басшыларының бірі шетел асса, бірі сотталған. Олармен заңды түрде құжатты реттемейінше, бұл қаржы ешқайда жұмсалайды деді.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана