Алматыға жұмыс сапары кезінде Парламент сенатының депутаты Дариға Назарбаева қаладағы Жұмыспен қамту орталығын аралады.
Осыдан 7 жыл бұрын құрылған мекеме бүгінде ашық кеңсе қағидатына сүйеніп, тың тәсілмен қызмет көрсетуге көшкен. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдап, кәсіп табуға мұнда айрықша ден қойылған. Жалпы, жыл басынан бері орталыққа жұмыс іздеген 35 мыңнан астам тұрғын жүгінген. Олардың 30 мыңы жұмысқа орналасыпты. Әсіресе, тәжірибесі жоқ жас мамандарға қолдау ерекше көрсетілуде. Сондай-ақ, пробациялық бақылауда тұрған азаматтардың да қоғамға қосылып, ел қатарлы жұмыс істеуіне кедергі жоқ. Қазір осы санаттағы азаматтардың еңбекке қабілеттілігі талданып жатыр.
«Бірталай азамат күнде келіп тұрады екен. Олардың 70-80 пайызы өздерінің жұмыс орындарын тауып қызмет істеп жатыр. Меніңше, осы жұмысты одан ары жалғастыру керек. Аналитика жағынан да бірталай жұмыс істеу керек. Кім келіп жатыр, қандай вакансиялар бар, қандай қызметке жаңа мамандар керек, соның бәріне талдау жасап, Үкіметке жіберіп тұру керек. Осы тұрғыдан жұмысты жақсарту қажет», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Дариға НАЗАРБАЕВА.
Сенатор бұдан өзге, Open Almaty қоғамдық қабылдауына да бас сұқты. Дариға Назарбаева билік пен қала тұрғындары арасындағы өзара байланыстың бірегей алаңына айналған қызмет жұмысымен танысты. Бұл мекемеде тұрғындар мемлекеттік қызметкерлерден қажетті ақпараттар мен кеңестерін алады.
Сондай-ақ, Дариға Назарбаева мегаполис жастарымен кездесті. Олардың талап-тілектерін тыңдап, мемлекет басшысының соңғы жолдауын түсіндіріп берді. Айта кетсек, Президент 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған еді. Бұл әсіресе, студенттер қаласы атанып кеткен Алматы үшін өте маңызды. Бүгінде шаһарда жатақхана мәселесі шешімін тауып, «Жастарды қолдаудың жол картасы» іске асуда.
«Президенттің жолдауында жастарға қатысты көп мәселе көтерілген. Оқу гранттары, жаңа мүмкіндіктер мен жастардың еңбек ету туралы да айтылды. Төмен жалақыға жұмыс істейтіндер жайы да сөз болды. Енді олардың жалақысы көтеріледі. Жалпы, еліміз бойынша шамамен, 1,5 миллион адамның еңбекақысы өседі», – деді Дариға НАЗАРБАЕВА.