Министр тарифті заңсыз көтерген алматылық монополистер жұмысын сынға алды

16.11.2018 в 23:32

Монополистердің барлығы тарифті арзандатуы тиіс. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бүгін Алматыда өткен жиында тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы шикі істерді тізбектеп шықты.

Алматылық монополистерді жинаған министр Тимур Сүлейменов ірі компаниялардың асыра сілтеуін сынады. Алматы қалалық Табиғи монополиялардың жұмысын реттеу департаментінің басшысы Болат Сәмбетовтың айтуынша, «Алматы Су» кәсіпорнының тарифті 43 пайызға көтеру туралы өтініші қабылданбаған. Алайда, құзырлы органдардың тексерісі барысында «Алматы Су» мекемесі тарифті заңсыз көтеру арқылы тұрғындардың 600 миллион теңгесін қаққан.

«Жылу құнының 35-60%-ы көмір бағасы мен жеткізу құнына тәуелді. Бірақ ол жерде де айтылмай жатқан шикіліктер көп. Оны біртіндеп шығарамыз. Ең бастысы, барлық монополистер тарифті түсіретін болды. Сондай-ақ, тариф құны жылдан жылға озық технологияларды енгізуге байланысты одан да арзандауы керек», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Министр «Алматыэлектростансалары» акционерлік қоғамының ісімен де айналысуға тура келетінін айтты. Бұған дейін Алматы прокуратурасының тексерісі барысында «Алатау Жарық» және «ЭнергоСбыт» сынды алпауыт компаниялардың да заңсыз тапқан ақшасы әшкере болған еді. Тек Алматыдағы коммуналдық кәсіпорындар соңғы үш жыл көлемінде тұрғындардан 6,6 млрд теңгені артық алып қойған.