Алматының архитектуралық келбеті біркелкі үлгіге көшеді

Алматының архитектуралық келбеті біркелкі үлгіге көшеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алдағы жылдары Алматыдан көзді шаршататын қызылды-жасылды ғимараттарды көрмеуіңіз мүмкін. Қаланың архитектуралық келбеті бірегей стильге көшпек. Енді қала көшелерін жарықтандыру, көгалдандыру, ғимараттардың қасбеті мен жол жабындары біркелкі болады. Мегаполиске дизайн-код не үшін қажет болды?

Сәулет және қала құрылысын реттеу әдістемесін, яғни дизайн-кодты өткен жылы Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы әзірлеген. 40 беттік ереже мен ұсынымдар жинағына қаладағы 175 көше кіреді. Пилоттық режимде басталған жобаның қазір бірінші кезеңі аяқталды.  

«Дизайн-код – қаланы қолайлы әрі қауіпсіз ету мақсатында ғимарат иелері мен құрылыс салушыларға арналған ережелердің жиынтығы. Кейде тұрғындар үлкен қаланың у-шуынан Алматымыздың құндылықтарын сезіне бермейді. Ғимараттың архитектуралық құндылығы жоғалған сайын, адамдардың көзі шаршайды. Нәтижесінде, тұрғындар қала көшелерінде серуендеуді доғарады. Ал қала сәулетін біркелкілендіру арқылы жүру мәдениетін қалыптастырамыз», – деді Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмасхан АХМЕДЖАНОВ.

Ғимараттың қасбетін дизайн-код бойынша алғашқылардың бірі болып жасаған кәсіпкер – Әшім Тойлыбаев. Арбатта орналасқан мына ғимараттың құрылысы өткен жылы басталып, түгелдей дизайн-код талаптарына сай салынған. Жақында ішкі әрлеу жұмыстары аяқталса, мұнда халықаралық банк ашылмақ. Әйнектен жасалған бесқабатты ғимараттың сыртқы келбеті қазірден-ақ тұрғындардың көңілінен шығуда дейді кәсіпкер.

«Арбатта» жөндеу жұмыстары басталған кезде, біз де мына ғимаратты қатар бастап едік. Сол кезде ғимаратты барынша «Арбатпен» үлйестіруге тырыстық. Барлығы дизайн-кодпен шықты. Бізге қойылған талаптар үдесінен еш қиындықсыз шыға білдік. Қала әкімдігі тарапынан да қолдау болды», – де»ді кәсіпкер Әшім ТОЙЛЫБАЕВ.

Алматыны дизайн-код бойынша біркелкілендіру жұмыстары әзірге тек қаланың орталық бөлігінде ғана аяқталған. Бұл бағыттағы жұмыстар 2019 жылдың аяғына дейін жалғасып, мегаполис түгелдей кезең-кезеңімен қамтылатын болады.

Енді кәсіпкерлер жаңғырту жұмыстарын жасар кезде дизайн жұмыстарына уақыт кетірмейді. Басқарма сайтына кіріп қажетті көшені көрсетсе болғаны, құрылысқа керек материалдар мен түстердің дайын нұсқалары шыға келеді. Көшелерге қатысты да дәл солай.

«Қаладағы типтік үйлердің барлығына дизайн-кодтар жасалған. Және олар жыл сайын жаңа технологиялармен және архитектуралық шешімдермен толығып отырады. Онда велосипед жолдарын, ағаштарды және көше жиһаздарын орналастыру стандарттары да ескеріледі. Бұл барлық үйлер бірдей болады деген сөз емес. Тек олардың сәулеті біркелкі стильде болады», – деді Алмасхан АХМЕДЖАНОВ.

Жауапты басқарма басшылығының айтуынша, биыл еліміздегі «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңға» қалаларға бірыңғай архитектуралық стиль қалыптастыру шарты енгізілген. Яғни, алдағы жылдары Алматының ізімен еліміздегі барлық қалалардың келбеті біркелкі стильге көшуі мүмкін.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы  




Новости партнеров