Қаскелеңнен Алматыға қатынайтын автобустар жыл соңына дейін жаңартылатын болды

17.10.2018 23:35

Қаскелеңнің тұрғындары Алматыға жаңа бағыттағы автобустармен қатынайтын болады. №202 бағыттағы қоғамдық көлік жыл аяғына дейін іске қосылмақ. Сөйтіп, шағын автобустарға сыймай, жол азабын тартқан жолаушылардың мәселесі жеңілдей түспек. Қазір тасымалдаушылар бұл бағыт үшін су жаңа автобустар сатып алып жатыр екен. Ал қала аумағында бірнеше коғамдық көліктің бағыты өзгерді.

Қаскелең мен Алматы арасында қатынайтын тозығы жеткен шағын автобустарға сыймай, жол азабын әбден тартқан жолаушыларға жағдай жасалады. Енді қос бағытта жаңадан іске қосылатын №202 автобустар жүреді. Қоғамдық көлік Райымбек даңғылының бойымен жүріп, тұрғындарды Сайран автобекетіне жеткізеді. Қазір тасымалдаушылар бұл бағытқа су жаңа автобустар сатып алып жатыр екен. 20 метрлік қоғамдық көліктер жыл соңына дейін жолға шығады.

«Қалада жүрген үлкен автобустардың сыйымдылығы – 80 адамдық. Қазіргі кезде Қаскелең, Алматы арасында сыйымдылығы аз шағын автобустар жүреді. Бірақ арлы-берлі қатынайтын адам саны көп. Сондықтан басқарма осындай мәселені қарастырып жатыр», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Шыңғыс БАЙҚАДАМОВ.  

Есесіне, қаладағы №49 маршрут кестеден алынып тасталды. Өйткені, бұл бағыттағы қоғамдық көлік Райымбек даңғылының бойымен жүретін бірқатар маршруттарды қайталайды. Жалпы, Райымбек даңғылының бойындағы автокөліктердің жүру қарқынын азайту мақсатында бірнеше автобустың жүрісі өзгертілді. Мәселен, бұған дейін Райымбек даңғылы арқылы Саяхатқа қатынайтын №8, 17, 73 қоғамдық көліктер енді Мақатаев көшесімен жүреді.

«Медеу ауданы тұрғындарының сұрауы бойынша, №73 маршруттың жүру сызбасы Мақатаев көшесінен, көк базардан ары қарай Балтабаев, Базарбаев көшесіне және Шығыс айналма жолына дейін ұзартылды. Сондай-ақ, №34 автобустың соңғы аялдамасы БРТ желісінде болғанына байланысты Мұстафин көшесінен Қожабеков пен Розыбакиев көшелерінің қиылысына, «Мега» орталық маңына қарай өзгертілді», – деді Шыңғыс БАЙҚАДАМОВ.

Ал №11 маршрут бұрынғыдай «Асыл Арман» шағын ауданына бармайды, жүрісін Абай саяжайларында аяқтайды. Оның орнына №16 және №14 автобустар қызмет етеді. Қаланың қоғамдық көліктеріндегі бұл өзгерістерге тұрғындар да риза.

« – Үлкен автобустар жүріп жатыр, кейбіреулері жақсы жүреді. Жаман емес.

– Алматы автобустарына көңілім толады, іші жылы, жүру аралығы уақтылы.

– Көп тоспаймыз, уақытымен келеді», – десті біз сөзге тартқан жолаушылар.

Назарбаев даңғылын Жансүгіров көшесіне дейін ұзарту жұмыстары аяқталғанда, қосымша тағы да бірқатар атвобустардың жүрісі өзгеретін көрінеді. Жауапты басқарма өкілдері Сүйінбай даңғылымен қатынайтын №92, 32, 98 және №2 маршруттарды Назарбаев даңғылынан Саяхатты айналып өткізбек.


Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы