Алматыда көлікті айып тұрағынан шығарып алу жолы жеңілдеді

13.11.2018 23:40

Алматыда көліктерді айып тұрағынан шығарып алу жолы жеңілдетілді. Бүгіннен бастап қаладағы ең үлкен айып тұрағында әкімшілік полиция бекеті өз жұмысын бастады. Соның арқасында жүргізушілер бірнеше мекемеге табан тоздырып, уақыт жоғалтпайды. Барлық құжаттарды сол жерде рәсімдеп, айыппұлды да сонда төлей алады.  

Алматылық Еркін Уатбаев бүгіннен бастап іске қосылған айып тұрағындағы полиция бекетінің қызметіне алғаш болып жүгінгендердің бірі. Кеше кешке оның жол жиегіне қаңтарып кеткен темір тұлпарын жол сақшылары эвакуатормен тиеп әкеткен. Айдың-күннің аманында көлігінен көз жазып қалған жүргізуші бірден 102 қызметіне хабарласады. Сөйтсе, Еркіннің машинасы «Көкжиектегі» айыптұраққа жеткізіліпті. Енді көлігін аз уақытта қайтаруға бүгін жаңа бекеттің көмегі тиді.

«102-ге хабарласып едім, осы мекенжайды айтты. Бір жаңа пункт ашып қойыпты, соған кірдім, кезек жоқ, жақсы екен. Компьютерден барлық айыппұлды шығарып берді, терминалы жанында екен. Осы жерде бәрін төлей салдым, ары кетсе бір 10 минут уақытымды алды», – дейді көлік жүргізуші Еркін УАТБАЕВ.

Бұдан былай жүргізушілер айып тұрағындағы көлігін аз уақытта әкете алады. Автокөлік иелеріне ыңғайлы болу үшін, тұрақтың жұмыс жүйесі түбегейлі өзгертілді. Мәселен, бұрын көлігін эвакуатор алып кеткен жүргізуші ауданның Ішкі Істер басқармасына баруға мәжбүр болатын. Содан кейін онда хаттама толтыру үшін патрульдік полиция қызметкерін шақыртатын. Тексеріс кезінде тәртіп сақшысы жүргізушіге бұған дейін әр ауданда жазылған айыппұлдарын шығарып беретін. Оны өтеу үшін көлік иесі табанынан әбден таусылып, бүкіл қаланы шарлайтын. Енді бұл рәсімдердің барлығы бір жерде жасалады.

«Айыппұл тұрағында қызметкер хаттама толтырады. Хаттама толтырғаннан кейін жүргізушінің айыппұлдары бар ма, көлікке сот орындаушылары немесе басқа органдар арест қойды ма, қоймады ма, төленбеген айыппұлдары бар ма, жоқ па, соның барлығын тексереді де, сол жерден көлікті бере береді. Халық бізде бүкіл аудандарды аралап, анықтама қағазын алып, айыппұлдары болса төлеп жүрмеуі үшін бір жерден хаттама толтырып, бір жерден рұқсат қағазын алып, айыппұлын төлеп, сол жерден шығып кететіндей мүмкіншілік жасап отырмыз», – деп түсіндірді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.

Әзірге әкімшілік полиция бекетінде тек 1 маман қызмет көрсетуде. Егер айып тұрағынан темір тұлпарын алып кетуге келетін қожайындар саны көбейсе, қосымша қызметкер алынатын болады.

Қазір қалада айыппұл жазылған көліктердің басым бөлігі дәл осы «Көкжиектегі» айып тұрағына жеткізіледі. Өйткені, 6 гектарға жуық аумақты алып жатқан бұл тұраққа 2 жарым мыңға жуық темір тұлпар сияды. Жалпы, қазір қалада 3 айып тұрағы жұмыс істейтін болса, жергілікті билік өкілдері олардың санын қысқартуды көздеп отыр. Яғни, болашақта қала бойынша жалғыз айып тұрақ дәл осы «Көкжиекте» қалуы мүмкін.

«Болашақта жүргізіліп жатқан реформа аясында барлығын қосып бір тұраққа, «Көкжиек» ықшамауданындағы тұраққа алып келу жоспарлануда. Себебі, мұнда азаматтарға барлық қолайлы жағдай туғызылған. Яғни, олар келген автокөлігіне уайымдамай, сеніммен қалдырып кете алады. Себебі, мұнда сапалы бейнебақылау жүйелері, күзет қызметі және әкімшілік полиция қызметкерлері бар», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қанат БАЙҚОҢЫРОВ.

«Көкжиектегі» тәулік бойы жұмыс істейтін айып тұрақта қазір 600-ден астам көлік тұр. Мамандардың айтуынша, мұнда күніне 10 шақты құқық бұзушының темір тұлпары жекізіледі екен. Оларды ұры-қарадан қорғайтын күзет қызметкерлерінен бөлек, 50-ге жуық бейнекамералар бақылайды. Болашақта камералардағы деректерді де бірден Полиция департаментіне жолдау көзделіп отыр.


Айдана Мейрамбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы