Алматыда биыл 3,5 мың жол апаты орын алып, 103 адам қаза тапқан

Алматыда биыл 3,5 мың жол апаты орын алып, 103 адам қаза тапқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жол апатынан қаза табатындар саны жыл санап артып барады. Биыл қала жолдарында 103 адамның өмірі қиылыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тоғыз айымен салыстырғанда едәуір көп. Бірақ соған қарамастан жол қозғалысы ережесін елемейтіндер саны азаймай тұр. Соңғы кездері тіпті, жастардың арасында қарсы бағытқа қасақана шығып, «челлендж», яғни сынақ жасау сәнге айналды. Өзге тұрмақ, өз өмірі үшін алаңдамайтындардың мұндай әрекетке баруына не себеп?  

«Қарама-қарсы бағытта қорықпай көлік жүргізгендерге 200 мың теңге береміз» деген әлеуметтік желідегі жарнама пайда болғалы көлік тізгіндеушілерден ес кетті. Ережені өрескел бұзған жүргізушілер өздерінің заңға қайшы әрекеттерін видеоға түсіріп, жаппай жариялай бастады. Мұндай челлендж әсіресе, жастар арасында сәнге айналып шыға келді. Осы аптаның басында алматылық полицейлер әл-Фараби даңғылымен қарама-қарсы бағытта көлік айдап, елге танылғысы келген тағы бір жүргізушіні қолға түсірді. Тізгіндегі Шымкенттің 19 жастағы тұрғыны Қуаныш Ақым болып шықты.

Желік қуған жас жүргізушіге жол сақшылары 7 бірдей хаттама толтырып, оның екеуін сотқа жіберді. Артынша, сот шешімімен Қуаныш Ақым 10 тәулікке қамауға алынды. Құзырлылар жүргізушінің осылайша жөнге түсіп, ессіз әрекетін екінші қайталамайтына сенімді. Дегенмен, қарсы бағытта көлік айдап, көзге түскісі келген осындай жүргізушілер қайшы әрекеттері үшін еш қымсынбайды. Ойын-күлкінің соңы 1 секундта адамның тағдырын өзгертіп жіберерін де ойламайды. Сондықтан мұндай жауапсыз жүргізушілерге жазаны барынша қатаңдату қажет дейді сарапшылар.

«Жүргізушілерді жөнге салудың ең дұрыс жолы – айыппұл көлемін көбейту. Биыл бізде бірқатар айыппұлдың көлемі азайтылды. Бұл жүргізушілерге жеңілдік туғызып отыр. Сол себепті, олар ойланбастан ережені бұзуын жалғастыра береді», – деді Қазақстан тәуелсіз автобизнес одағы басқармасының мүшесі Мақсат МЕЙІРМАНОВ.

«Бағасы 200 мың доллар тұратын көлік мінетін жүргізушінің қалтасына 20 мың теңгелік айыппұл салмақ емес. Ол айыппұл көлемі қанша жерден көп болса да, қымсынбастан ережені бұзуын тоқтатпайды. Сондықтан жол ережесін өрескел бұзғандардың әрекетін жасырмай көрсетіп, қоғамдық резонанс тудыру қажет. Мүмкін, сонда ол адам өзінің қылығының бұрыстығын санасымен түсінер», – дейді сарапшы Эдуард ЭДОКОВ.

Бүгінде Алматыда 540 мыңнан астам көлік тіркеуде тұрса, шаһарға күніне 200 мыңнан астам темір тұлпар кіріп-шығады. Бұл әлбетте, көлік қозғалысын айтарлықтай қиындатып, жол апатының жиі тіркелуіне де себеп болып отыр. Жыл басынан бері қалада 3,5 мыңнан астам жол апаты орын алған. Салдарынан жапа шегіп, тас жолда жан тапсырғандардың саны көбейген. Былтыр қалада айналдырған 9 айдың ішінде 86 адам жол апатының құрбаны болса, осы жылы 103 адам мерт болған.

«Жүргізушілердің көбісі мына жолдан шығып кетіп, бағанға немесе ағашқа соғылғаннан қайтыс болып жатыр. Сондай-ақ, басқа көліктерді өткізбей, солға бұрылған кезде қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп өздерінің кінәсінен қайтыс болған 20 факт бар», – деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.

Қалада жол апатының орын алуына көбінесе, дұрыс бұрылмау мен жылдамдықты асыру себепті болып отыр екен. Осы жылы желдей жүйткігендердің кесірінен 1 мыңнан астам адам жарақаттаныпты. Сондай-ақ, жүргізушілердің мәдениетсіздігі де жол апатын туғызуға тікелей әсер етуде. Көліктердің соқтығысуына тізгіншілердің жол бөлісе алмай, бір-бірін сыйламауы да негізгі факторға айналған.


Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров