Қазақстанда желілік бизнестің желігі басылмай тұр. Қазіргі кезде онымен таныс емес адам кемде-кем шығар. Халықтың басым бөлігі бұл жүйемен танысып, тіпті ұсынған тауарларын да тұтынып көрген. Ал соңғы жылдары желілік маркетингтің өкілдері көбірек адам тарту үшін айланың жаңа түрлерін де қолданып келеді. Дегенмен, бұл бизнес жайлы пікерлер де екіұдай. Ал салықшылар желілік бизнес бойынша әлемдегі қаржы айналымы 1 миллиард АҚШ долларын құрайды дейді. Құзырлы орган дәл осы салада қазынадан тыс қалып жатқан қомақты резервтың барына көз жеткізген соң қандай қадамға бармақ?
Қазіргі таңда бизнестің бұл түрі қарқынды дамып келеді. Желілік бизнеске жегілгендердің бірі жетістікке оңай жеттік деп ұрандатса, енді бірі шынында да шығынға батқан. Ал бүгінде көбісі оңай жолмен ақша тауып, әлемді тегін аралауға шақырады. Тіпті, өздерін жұмысшы емес, бір-біріне серіктес санайды. Басшылыққа емес, өзімізге жұмыс істейміз деп есептейді.
Алматылық Гүлжиһан Ахметованың негізгі мамандығы педагог. Желілік бизнеске осыдан 18 жыл бұрын келген. Осы уақыт көлемінде әлемнің 10 шақты елін тегін аралап үлгеріпті. Тіпті осы жұмысының арқасында баспанаға да еш қиналмастан қол жеткізгенін айтады. Сөзінше, желілік бизнесте таңнан қара кешке дейін жұмыс істемейді. Есесіне, отбасына көп уақыт бөліп, айына басқалардан гөрі көп қаржы табады.
«Желілік маркетинг деген үлкен миллиардты индустрия. Желілік маркетинг көп адамға үлкен мүмкіншіліктер береді. Бірақ өкінішке қарай, көп адам оны түсінбейді. Анау қаржы пирамидасымен көп салыстырып отырады. Менің әріптестерім мысалы, компаниядан 3-4 автокөліктен сыйлық алып жатыр», – дейді Гүлжиһан АХМЕТОВА.
Ал бетін жасыруды сұраған Сәуле студент кезінде желілік бизнестің құрығына түсіп, тақырға отырғандардың бірі. Құйған қаржысы ақталмай, керісінше, несиеге батқан. Дегенмен, дер кезінде оны тастап, өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрғанын айтады. Бірақ осы бизнес түрімен айналысып, байығандарды көрмедім деп отыр.
«Ол маған арналмаған жұмыс екен. Ол желілік маркетингке байланған мен ғана емес, ол кезде жастар көп болды. Бірақ олардың да керемет ақша тауып, кәсіп көзіне айналдырып кеткені жоқ оның ішінде. Ешқандай менімен бірге жұмыс жасаған ешқандай адам ол жерден үлкен пайда тапты деп айта алмаймын», – деп ағынан жарылды Сәуле.
Психолог Бақыт Тастанқызы желілік бизнес дамыған сайын, онымен бірге арбаудың сан түрлі тәсілдері де пайда болып жатқанын айтады. Сондықтан да олар адам сеніміне тез кіріп, желілік бизнезке қосылуға жылдам көндіреді. Оған қоса, компаниядағы көшбасшылар маркетолог болуымен қатар психологияны да жетік меңгергендер дейді.
«Желілік маркетингте психологиялық тактика бірінші жолға қойылады. Негізінен арнайы тренингтер өткізіледі. Психологиялық техникаларды, психологиялық байланыстарды жақсы меңгерген адам ғана үлкен жетістікке жете алады. Бұл жерде адамның өзіне сенімі керек. Алдына келген адамды қалайда сендіре білуді мақсат тұтады», – деп түсіндіреді психолог Бақыт ТАСТАНҚЫЗЫ.
Желілік ірі компаниялардың тауарлары негізінен, сертификатталған болады. Олар көп жағдайда ісін заңды түрде жүргізеді. Бұл жерде бар болғаны, сақтық шараларын танытып, алаяқтарға алданып қалмау керек дейді экономисттер.
«Бұл да желілік маркетинг түрі болғандықтан, заңды түрде қаталдау болу керек. Себебі, желілік маркетингті пайдаланған алаяқтар елді алдап, өтірік зат сатып жүр. Ал олардың алдауына сеніп, желілік маркетингке келіп жұмыс жасайтындар көбінесе, қарапайым адамдар. Ақша салмай, кішкентай да болса бизнес жасап, содан бір пайда табады», – деді экономист Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.
Ал салық мамандары желілік компаниялар тауарларының сапасына емес, түскен қаражаттарын зерделеп көрмек. Осы үшін Алматыда арнайы талдау жүргізетін бөлім де құрылды. Олар әлеуметтік желі арқылы желілік бизнесін жарнамалағандардың табысын, заңды түрде жұмыс істейтінін тексермек. Ал заңсыз жолмен нәпақа тауып отырғандарға 40 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, тауарлары тәркілінеді. Тіркелуге әзірге 10 күн уақыт беріп отыр.
«Мысалға айтар болсақ, осындай желілік бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер ішінде көшбасшылары болады. Олардың айлық табысы 4 мың доллардан 40 мың долларға дейін жетеді. Бұл жерден біз салық түсімдерінің үлкен резервтерін көріп отырмыз. Қазір сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Желілік бизнес бойынша бүгінгі күні әлемдік ақша айналымы 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл өте үлкен сома. Сәйкесінше, бұл жерде салықтық резервтер бар», – дейді Алматы қаласы МКД Медеу ауданы бойынша МКБ басшысының орынбасары Қуаныш ТҮМЕНБАЕВ.
Осы тұста мамандардың айтқан кеңесімен бөлісе кетейін. Бастысы, алаяқтарға алданбай, адал жұмыс істейтін компанияларды ажырата білу қажет. Және тауарды несиеге рәсімдеуге асықпаған абзал дейді сарапшылар. Ал егер желілік бизнеске ауысамын десеңіз, тынбай еңбек етуге тура келеді. Қажетсіз тауарын тықпалай беретіндерге психологтар «жоқ, рахмет» сөзін жаттап алу керек екенін айтады.
Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы, Астана