|
22.10.2018 | 18:40
3218

Талғат Ермегияевқа түрмеде қамқорлық көрсеткендер сотталды

Талғат Ермегияевқа түрмеде қамқорлық көрсеткендер сотталды

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрме басқармасының экс-төрағасы, мемлекеттік қаржыны жымқырып, 14 жылға сотталған Талғат Ермегияевқа колонияда «ерекше жағдай» жасағандар сотталды. Астанадағы «Байқоңыр» ауданының №2 сотында оқылған үкімде түрме басшысы Нұрлан Әбен мен бұрынғы орынбасары Талғат Мұсаевтың Талғат Ермегияевқа киім-кешек, аяқ-киім, электронды техника және дәрі-дәрмек беруге рұқсат бергені анықталды.  

Талғат Ермегияев Астанадағы «ЕЦ-166/10» түзеу мекемесінде жазасын өтеу барысында уақытты құр жоғалтпаған. Өткен жылғы жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро тексерісіне дейін колония басшысы Нұрлан Әбенов пен оның экс-орынбасары Талғат Мұсаев, сот материалдарына сүйенсек, бір жүк көлігіне сыйып кететін керек-жарақты жазасын өтеуші Ермегияев үшін айрықша қорғалатын аумаққа алдыртуға рұқсат берген. Колония аумағына енген бұйымдардың арасында тұрмыстық, техникалық заттар мен киім-кешек, аяқ киім болған. 10 миллард теңге көлеміндегі мемлекет қаржысын жымқырып, 14 жылға сотталған басқарма төрағасы тоңазытқыш, теледидар, спортпен шұғылдануға арналған заттар мен дәрі-дәрмекке емін-еркін қол жеткізіп отырған. Міне, осы қылмыстары үшін қос шенді бүгін сотталды.  

«Сот Нұрлан Əбенді ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағында қарастырылған «билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдаланып», қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінəлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау туралы үкім шығарды. Оған мемлекеттік қызмет, құқық қорғау мен басқа да лауазымдарды атқаруға тыйым салынады. Н. Əбен полковник атағынан айрылады», – деді Астана қаласы №2 «Байқоңыр» аудандық сотының судьясы Айжан КҮЛЕБАЕВА.

Нұрлан Әбен «полковник» шенінен айырылса, Талғат Мұсаевтан «майор» деген атақ қайтарып алынып, 2 жылға темір торға тоғытылды. Ол да енді мемлекеттік құзырлы органдарға жұмысқа тұра алмайды. Істі талдауға кеткен жалпы сомасы 1 млн 300 мың теңге көлеміндегі процессуалдық шығындар да екеуінен өндіріледі. Мұсаевтың қорғаушысы сот шешімімен келіспейтінін айтты.

«Істің санаты дұрыс емес деп санаймын. Мен қорғаған жазагер билікті асыра пайдаланған жоқ. Меніңше, теріс пайдаланды», – деген пікір білдірді сотталушы Т. Мұсаевтың адвокаты Бекжан БІЛЯЛОВ.

Қорғаушысы көңілсіз болғанымен, конвой былыққа іліккендерді жетелеп шығарғанда, қос сотталушының түр-әлпетінен күрсініс емес, күлкі байқалды. 2017 жылдың желтоқсанынан бері үкімді күткен кезде екеуінің де бір күні түрменің екі күніне пара-пар саналатын арнайы жаза өтеу мекемесінде отырғанын қаперге алсақ, олар үкімде көрсетілген мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін.

Естеріңізге салсақ, Талғат Ермегияев пен өзге де 22 тұлға «ЭКСПО-2017» көрмесінің бюджетінен миллардтарды қалтасына басқаны үшін сотталған еді. Астанадағы «ЕЦ-166/10» түзеу мекемесінде оған жеке кездесулер өткізуге, ішімдік алдыртып, мобилді байланыс пен интернетті қолдануына шек қоймаған колония басшылығының өрескел заңбұзушылығы былтыр анықталды.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир