Алматыда 82 жастағы суретшінің ерекше көрмесі ашылды

19.12.2018 23:40

Өмірін өнермен өрнектеген суретші. Алматыда қылқалам шебері Рауза Ералиеваның жеке көрмесі өтіп жатыр. Сексеннің сеңгіріне шыққан суретшінің қолынан осы кезге дейін 400-ге жуық туынды жарық көріпті. Оның арасында бояуы кеппегендері де бар.

82 жастағы Рауза Ералиева әдеміліктен шабыт алатын суретші дейді туыстары. Автопортрет, пейзаж, абстракция мен символикалық жанрда сурет салатын ол осы уақытқа дейін 400-ге жуық кенепке бояу жаққан. Ал Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ұйымдастырылған жеке көрмесінде суретшінің тоқсаннан астам туындысы қойылыпты.

«Мен ес білгелі әжем сурет салумен айналысады. Аяқ астынан бір нәрсе әсер етіп немесе ұнаған нәрсесін қағаз бетіне түсірмесе, тыншымайды. Осындай көрме ұйымдастырылып, әжемнің туындылары көпшіліктің назарына ұсынылып жатқаны біз үшін керемет оқиға. Тағы бір ерекшелігі, әжем картиналарын ешқашан сатылымға қойып, пайда тапқысы келген емес. Міне, менің апам осындай кісі», – дейді Р. Ералиеваның немересі Ералы АСАМБАЕВ.

Рауза Ералиеваның көрмесінде 100-ге жуық суреттер қойылған. Соның ішіндегі ең бастысы етіп таңдаған картина – өзінің болмысы мен өмірге деген көзқарасын бейнелейді дейді автор. Сурет 2003-ші жылы жазылған. Тақырыбы: «Өтіп бара жатқан сұлулық».

«Рауза Ералиева үшін түстің алар орны ерекше. Олай дейтінім, қай туындысын алып қарасаңыз барлығы түс арқылы берілген. Барлық картиналар оның өмірінің бір бөлшегін білдіретіндей. Көңіл күйін, өмірге деген көзқарасын суреттерден байқауға болады. Келушілердің дені картиналарды көріп, мейірімге шақыратын суреттер деп бағасын беріп жатыр», – деді Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми қызметкері Нұржамал НҰРФЕИЗОВА.

Рауза Ералиеваның жеке көрмесі келер жылдың жетінші қаңтарына дейін жалғасады. 82 жастағы суретшінің ендігі арманы – суреттері шетелдік қауымның назарына ұсынылса дейді. Қазір осы бағытта келіссөздер жүріп жатыр.


Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы