Елімізде бизнесі жүрмеген кәсіпкерлердің «банкрот» атану рәсімі жеңілдейді

10.01.2019 23:42

Елімізде «банкрот» атану рәсімі жеңілдейді. Қаржы вице-министрі мәжіліс депутаттарына қаржылық жағдайы мәз емес кәсіпкерлерді оңалтуды және банкроттық рәсімдерді жетілдіруді қамтитын заң жобасын таныстырды.

Қанат Баеділовтың сөзінше, қолданыстағы құжат бойынша бизнесі жүрмегендер кәсібін оңай жаба алмайды. Сондай-ақ, оңалту процесіне жүгіну қиын.

«Жаңа құжатта бұл олқылықтар ескерілген. Қазіргі таңда 400-ге жуық кәсіпорын оңалту рәсімін, 4 мыңға тарта бизнес субъектілері банкроттық рәсімін қолдануда. Сонымен қатар, әрбір төртінші жағдайда сот борышкерді банкрот деп танудан бас тартады. Сотқа субъектінің қаржылық жағдайына объективті баға беру қиын. Кішкентай активтердің бар болуы сот үшін қарыздарды өтеуге мүмкіндік бар деп есептелінеді. Осындай жағдайларды алдын алу қажет», –  деді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Қанат БАЕДІЛОВ.

Ал мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев қағазбастылықтан арылтып, рәсімдерді жылдамдататын жаңа заң жобасы дұрыс деген пікірде. Бірақ ол жалған банкроттық, яғни қолдан «құлдырадым» дегендермен күресу керектігін алға тартты. Оның сөзінше, мұндай қадамға тек мемлекет алдындағы берешегін өтегісі келмейтіндер барады. Халық қалаулысы кәсіп иелерінің қаржы-шаруашылық жай-күйін ақшалай түрінде жинақтап сипаттайтын «бухгалтерлік теңгерім» жайына да тоқталды.

«Бухгалтерлік балансқа сүйенуге қатысты. Яғни, олардың деректеріне сүйеніп, мәліметтерді назарға алу қаралып отыр. Ал шынтуайтына келгенде, осы бухгалтерлік баланстың өзі көп жағдайда нақты емес және кәсіптік деңгейде емес. Сондықтан Қаржы министрлігі бұл мәселені өздерінің бақылауынан жіберіп қойғандарын, осы орайда бұл бағыттағы әдіснаманы жақсарту қажетті туралы айттым. Өйткені, бухгалтерлік балансқа негізделсек, онда ол нақты құжат болуы керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Омархан ӨКСІКБАЕВ.