Қызылордада үш адамның өмірін жалмаған ірі жол апатының қалай болғаны анықталды

17.11.2018 23:43

Қызылорда облысында екі автобустың соқтығысуына не себеп болғаны мәлім етілді. Бастапқы мәлімет бойынша «Setra» автобусының жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.

Жол апаты кеше 16 қараша күні сағат 19:15-те Қармақшы ауданында «Самара-Шымкент» жолының Ақжар ауылына жақын тұста болды.

«Алдын ала дерек бойынша, Setra автобусының жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, рейстік Қызылорда-Қармақшы бағытымен кетіп бара жатқан автобусқа соғылған.

Қызылорда-Жосалы бағытына бара жатқан «Setra» автобусында 38 адам, ал Қызылорда-Әйтеке би автобусында 39 адам болған», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, «БауТЛиК» ЖШС-на қарасты «Setra» автобусы Қызылорда-Жосалы-Әйтеке би (Әйтеке би - Қазалы ауданындағы кент) тұрақты маршрутын орындайды. Техникалық байқаудан 22 қазанда «Кызылорда техосмотр» ЖШС-да өткен.

Ал, «Достық» ЖК қарасты «Setra» автобусы Қызылорда-Жосалы (Жосалы - Қармақшы ауданының орталығы) тұрақты маршрутын орындайды, техникалық байқауды 27 маусымда «Динамо» ЖШС-да өткен.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «Қазалы-Қызылорда» мен «Қызылорда-Қармақшы» бағытындағы екі автобус соқтығысып, екі адам қаза тапты. Қайтыс болғандардың бірі 1964 жылы дүниеге келген болса, екіншісі 1997 жылғы облыс тұрғыны. 2011 жылғы бала Қармақшы аудандық ауруханасы жансақтау бөліміне жеткізілгенмен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

2 автобуста барлығы 86 адам болған. Әртүрлі дәрежедегі жарақат алған 43 жолаушы Қармақшы аудандық ауруханасына, 6 адам Жалағаш ауданының орталық ауруханасына, 5 адам облыстық медицина орталыққа жеткізілген.

Оқиға орнына 3 санитарлық авиация қызметі барған. Дәрігерлер 45 жолаушыға алғашқы медициналық қызмет көрсеткен. Оларға амбулаторлық ем тағайындалды. Қазіргі таңда 29-ы ауруханада ем қабылдаса, 49-ы үйіне қайтарылған.

Дереккөз: ҚазАқпарат