Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің ішінен құрылған камералық оркестрі мен әлемге әйгілі скрипкашы Лара Сейнт Джон әлемдік турнеге аттанады.
Жиырмадан астам өнерпаздан құрылған труппа ертең Ирландияда алғашқы кешін өткізбек. Дублиннен кейінгі концерт Лондонда, содан соң Манчестрде жалғасын таппақ. Шетелдік өнер сүйер қауымның назарына Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауыны», Дәулеткерей Шығайұлының «Көроғлы» туындысы таныстырылмақ. Кештің басым бөлігінде музыка сүйер қауым әлемдік классика саналатын Антонио Вивальдидің «Жыл мезгілдері» шығармасына құлақ құрышын қандырады.
Айта кетерлігі, өткен демалыс күні алматылықтар мен қала қонақтары үшін осы бағдарламаның бастапқы шығармашылық кеші өткен еді. Сапар сәтін салса, бас-аяғы бір жұмаға созылмақ.
«Біржан Мыңбаевтың Құрманғазы мен Дәулеткерей күйлерінен бейімдеп жасаған екі туындысы бар, соны орындаймыз. Сондай-ақ, Бектұрған Жоламан деген кларнетші жігіт Россинидің «Анданте» және В»ариациясын» орындайды. Сосын Джааккино Россинидің «Хризантемасын» орындаймыз», – деді камералық оркестрдің дирижері Ерболат АХМЕДИЯРОВ.
Қазақ филормониялық камералық оркестрімен өнер көрсетуге кірісіп кеткен канадалық скрипкашы Лара Сейнт Джонның орындауындағы «Жыл мезгілдері» туындысы шамамен, 1 сағат уақытты алады екен. Күрделі композицияға дайындық та тыңғылықты. Төрт жасынан бастап сахнада өнерін паш етіп жүрген әйгілі скрипкашының Қазақстанға бұл сапары дебюттік екен әрі 200-ші концертке қатысу болса керек.
«Иә, мен қазақтың музыкасын тыңдаймын. Тіпті, екі дана күйтабағым да бар. Онда тек қазақтың дәстүрлі музыкасы бар. Маған Қазақстан және мұндағы өнерлі азаматтардың еңбегі өте жақсы әсер қалдырды. Әрі қарай шығармашылық жұмысты бірге атқаруға қуана-қуана келісемін. Қазақстанға алғашқы сапарым сәтті болды деп есептеймін. Камералық оркестрмен бірлесе сахнада өнер көрсету- барлық туындыларды айшықтай аша түсті», – деді скрипкашы (Канада) Лара Сейнт ДЖОН.