2020-шы жылға дейін коммуналдық қызмет тарифтері өспейді. Алматының бас энергетигі Мақсұт Исахов осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, монополистер тарифтерді өзгерту туралы ұсынысты 5 жылда 1 рет қана жолдай алады. Қазір коммуналдық қызмет бағасының өсуі туралы алматылықтар уайымдамаса болады дейді ол. Ал қалаға жылу 15 қазаннан бастап беріледі. Оған барлық нысандар дайын екен.
Алматыда жыл соңына дейін ыстық су мен жылу тарифтері өзгермейді. Қаланың бас энергетигі Мақсұт Исаховтың айтуынша, монополистер тариф құнының өзгеруі бойынша ұсынысты 5 жылда бір-ақ рет бере алады екен. Яғни, Алматы бойынша дебиторлық қарыз 1,8 миллиард теңгеге төмендегеніне қарамастан, 2020 жылға дейін баға өзгермейді. Айта кетейік, дебиторлық қарыз қыркүйек айындағы есеп бойынша 49 пайызға төмендеген.
«Жауапты компаниялар бізге жыл сайын тарифті көтеру бойынша ұсыныс тастайды. Бірақ жоспарда ол көзделмеген. Яғни, жылыту маусымының аяғына дейін баға өзгеріссіз қалады. Ал қайта есептеу бойынша, «Алматы жылу жүйесі» компаниясы 376 миллионды барлық тұтынушыларына өтеп береді», – деді
Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.
Есте болса, антимонополия органы Алматы жылу жүйесі компаниясының қызметінен заңбұзушылықты анықтап, тұтынушыларға 1,5 миллиард теңгені қайтаруды міндеттеген болатын. Қайтарылатын сома 1 шаршы метрмен есептегенде, көпқабатты үйлерде 60,71 теңгенің, ескі және апатты үйлерде 57 теңгенің көлемінде белгіленген. Алматы қаласы бойынша қайта есептеу сомасы 376 миллион теңгені құраған. Жауаптылар тұтынушыларға соңғы тиынына дейін қайтарамыз деп уәде берді.
«Жыл сайын тұтынушыларымызбен қайта есептеу жүргіземіз. Өйткені, жоспарлы жылыту маусымы мен жағдайға байланысты ұзақтығы ерекшеленеді. Өткен жылдары бұрын бастап кеттік, сәйкесінше, қосымша төлем алуымызға тура келеді. Кейін тұтынған жылу бойынша қайта есептеп, қаражаттарын қайтарамыз. Оны ай сайын келетін түбіртектен көруге болады», – деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС бас инженері Дмитрий КИРДЯЙКИН.
Алматы жылыту маусымына 36 миллиард теңге жұмсаса, энергетиктердің өз қаражатынан 25 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген. Өткен маусымда 8,8 шақырым желі күрделі жөндеуден өтіп, тозығы жеткен құбырлар 62 пайызға жаңарытылыпты. Коммуналдық қызмет өкілдері гидравликалық сынақ кезінде 1757 құбырдың тесілгені анықталса, бүгінде оның 1701-і қалыпқа келтірілген. Осы ретте энергетика басқармасы жүйені цифрландырмақ.
«Ол құбырда датчиктер, яғни қадағалағыштар орнатылған болса, су аққан жерді 10 сантиметрдей көлемде көрсетіп береді, екіншіден, сол құбыр жағдайының қаншалықты екенін айтып отырады. Ол қадағалағыштар арқылы нысан арнайы барып көрмей-ақ, кеңседе отырып-ақ құбыр қысымын көтеру немесе түсіру жұмыстарын диспечерлік орталықта-ақ жасай беруге болады», – деді Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.
Алматы қаласындағы желілердің жалпы ұзындығы 1192 шақырымды құрайды. Жылыту маусымы 15 қазанға жоспарланғанымен, ауа температурасы 8 градус деңгейінде 4 тәулік бойы сақталса, уақытынан бұрын басталуы мүмкін.
Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы