Алматыда Абай даңғылының ұзартылуына байланысты қанша үй сүріледі – маман жауабы

12.12.2018 20:44

Алматыда Абай даңғылын ұзарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Маңызды тораптың құрылысы үшін Қалқаман ықшамауданындағы тағы 8 жер телімі мәжбүрлеп алынады. Бұл үшін тиісті қаулы қабылданып, тұрғындарға ескерту жіберілді. Жалпы, Абай даңғылын ұзарту жұмыстары 2020 жылға дейін жалғаспақ. Қарқынды құрылыс кезінде қалада бас-аяғы қанша үй сүріледі? Бұл туралы Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ардақ САМАМБЕТОВТЕН сұрап білсек.

– Ардақ Мәуленұлы, Абай даңғылын қаланың батысына дейін ұзарту үшін қанша жер телімін мемлекет мәжбүрлеп алады?

– Өздеріңізге белгілі, қазіргі кезде Алматы қаласы әкімдігімен Абай даңғылын ұзарту, сонымен қоса, Қалқаман метростанциясын салу сияқты үлкен инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Абай даңғылы туралы айтатын болсақ, құрылыс жұмыстарын бастау үшін 292 нысанды мәжбүрлеп сатып алу керек. Соның ішінде, қазіргі уақытта 135 нысан бойынша тиісті қаулы қабылданды. Қалғандары бойынша келесі жылы жұмыстар жалғасады. Метро бекеті бойынша 117 нысан сүрілуге тиіс, оның ішінде, биыл біз 79 нысан бойынша тиісті қаулы қабылдадық. Қалғанын келесі жылы жалғастырамыз.

– Демек, құрылыс үшін қаланың қос ауданындағы телімдер кезекпен алынады ғой? Жалпы, үйлері қызыл сызыққа түсіп, сүруге кететін тұрғындарға ескертпе берілді ме? Оларға өтемақы төлеу мәселесі қалай жүзеге асырылады?

– Бізде Абай даңғылы Әуезов және Наурызбай аудандарына кіреді. Тұрғындарға тиісті ескертпелер берілді. Өтемақы бағалау жұмыстарына байланысты жүргізіледі. Бағалау жұмыстары нарықтық бағаны анықтап, соған сәйкес заң нормалары бойынша төленеді. Егер үй иелері берілген өтемақыға келісімін беретін болса, онда оның телігіндегі жер телімін тиісті келісімшарт арқылы сатып алатын боламыз. Ал келісім бермесе, мәселе сот шешімі арқылы шешілетін болады.

– Біздің білуімізше, қазіргі уақытта Абай даңғылын ұзарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр екен? Ол аумақтағы үйлер сүрілді ме? Жалпы, бұл жоба қала үшін қаншалықты маңызды?

– Қазіргі уақытта Яссауи және Әшімов аралығындағы жерлерде тиісті құрылыс жұмыстары жасалып жатыр. Бұл жерлер мемлекет иелігіндегі бос жерлер. Сондықтан қазіргі уақытта ол жерде тиісті құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ең бастысы, бұл жоба Елбасының тапсырмасына сәйкес радиалды жолдарды дамыту жобасы бойынша қолға алынды және өздеріңіз білесіздер, бізде БАКАД салынып жатыр. Соған қосылу үшін жоспарланған жоба. Бұл жоба жүзеге асырылған кезде батыс жақтағы, Наурызбай ауданында тұратын тұрғындардың қалаға, қаланың орталық жақтарына қатынауына оңай болады.

– Ақпаратыңыз үшін рахмет!


Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы