Дәріханаларда психотроптық дәрілерді рұқсатсыз сатқандар қатаң жауапқа тартылады

Дәріханаларда психотроптық дәрілерді рұқсатсыз сатқандар қатаң жауапқа тартылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел дәріханаларында психотроптық препараттар емін-еркін сатылып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігіне мұндай шағымдар халықтан жиі түсе бастаған. Жуырда ғана Алматыда құрамында апиын бар «Трамадол» атты препаратты рұқсатсыз берген дәріхана қызметшісі ұсталған. Ал дәрігер тағайындаусыз беріліп жатқан препараттармен министрлік қалай күреспек?

Біз Астананың сол жағалауынан оң жағалауына келдік. Басты мақсат – эксперимент жасап көру, яғни психотропты «Реланиум», «Дезоморфин», «Трамадол» дәрілерін сатып алу. Сыбысқа сенсек, дәл осы оң жағалаудың дәріханалары препараттарды рұқсатсыз береді-міс. Біз ол ақпараттың қаншалықты шын немесе өтірік екенін байқап көрмек болдық. Яғни, ұялы телефон арқылы дәріханалардан психотропты дәрілерді сатуды сұрап шықтық. Алайда, бірнешеуін араласақ та, ешкім бере қоймады.

Астаналық дәрі сату орындарының бірнешеуін аралау барысында бізге мамандар «Реланиум», «Дезоморфин», «Трамадол» препараттарын дәрігер құжатынсыз бермеді. Бірақ құрамында апиын бар «Трамдолды» алматылық әріптестері саудалаған. Қатерлі ісікті емдегенде, қатты жарақат алғанда немесе отадан кейін денедегі ауруды басу үшін бұл препаратты дұрыс қабылдамаса, нашақорлыққа итермелейді. Енді оны рұқсатсыз сатқандар айыппұл төлейтін болса, министр Елжан Біртанов осы олқылықпен күресе бастамақ.

Еліміздің бас дәрігері тегін таратылатын наркологиялық, психотроптық дәрілер қолды болмау үшін қағаз түріндегі рұқсатты электронды баламаға ауыстырмақ.

«Тегін берілетін психотроптық, наркологиялық дәрілерді 2019 жылдан бастап электронды етеміз. Демек, дәрігер рұқсатын қазіргі қағаз ретінде емес, цифрландыру арқылы бір жүйеге енгіземіз. Қазір мемлекеттік дәріханаларда бәрі қадағаланса, шағын, жеке қолдағы препараттарды сататындарды қадағалау қиын. Қатты қиналып келіп жалынып сұраған адамдарға олар бере салады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Денсаулық сақтау саласында осындай дәрілердің 14 атауы бар. Препараттарға тәуелді болып қалған азаматтарға арнайы сататындар мұны тіпті бизнеске де айналдырып алған.  

«2017 жылы психотроптық заттарды заңсыз саудалаған 6 факт тіркелген. Олардың барлығы да жауапқа тартылған. Айыппұл туралы айтсақ, қарапайым тұрғындар рұқсатсыз препараттарды алса немесе қолды етсе, 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді, сатқан маман – 100 АЕК, шағын кәсіпкер – 170 АЕК, орта кәсібі бар адам – 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің бас сарапшысы Дидар ДОСХОДЖАЕВА.

Айта кетейік, аталған дәрілердің тізіміне тағы бір препарат қосылды. Денсаулық сақтау министрі қол қойған құжатта көрсетілгендей, енді ауыр халде жатқан науқастарға құрамында көкнәр есірткісі бар «Морфин анальгетигі» атты таблеткалар тегін таратылатын болады. Аталмыш препарат осы айдан бастап жан-жаққа жіберілмек.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров