Есік қаласындағы бала гамбургерден қайтыс болмаған – Бекшин

01.11.2018 23:50

Алматы облысының Есік қаласындағы бала гамбургерден қайтыс болған жоқ. Еліміздің бас санитарлық дәрігері бүгін осыдан 4 күн болған қайғылы жағдай туралы мәлімдеме жасады.

Анықталғандай, бала жеген гамбургерден ішек таяқшасы мен алтын түстес стафилакокк табылған. Десе де, маманның сөзінше, олардың құрамында адам денсаулығына қауіпті ештеңе жоқ. Сараптама 14 жастағы жасөспірімнің басқа да аурулары болғанын көрсеткен.

Еске сала кетсек, Есік қаласында бала көшеден гамбургер сатып алып жеп, уланып қалған болатын. Жасөспірім Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне 26 қазанда жеткізілген. Бірақ екі күннен соң көз жұмған. Бүгінде осы мәселеге қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.  

«Павильон анықталды. Гамбургер өндіріліп жатқан үй де анықталды. Гамбургерді өндірушінің рұқсаты болған жоқ. Жұмысы тоқтатылды. Ірі көлемде айыппұлдар салынды», – деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек БЕКШИН.

Жандарбек Бекшин Алматы облысы Талғар ауданы Туғанбай ауылында болған жағдайға байланысты да ойын білдірді. Қайғылы жағдай 25 қазанда орын алған болатын. Екі баласының шашын биттен тазартамын деген ана малға арналған дәріні қолданып, 2 жасар қыздарын өлтіріп алған еді.

«Әрине, әке-шешесінің білімсіздігі. Неге десеңіз, ол креолин мал шаруашылығында малдың кенесін, басқа да паразиттерді дезинфекциялауға пайдаланылады. Бірақ адамға оны ешқашан қолдануға болмайды. Соған қарамастан, шешесі білімсіздіктен балаларының басын жуған», – деді Жандарбек БЕКШИН.