Алматыда жыл басынан бері 50-ден астам бизнес нысаны ашылған

12.11.2018 23:50

Алматыда билік басындағылар мен кәсіпкерлер қаладағы көшелерді модернизациялаудың шағын және орта бизнеске тигізген әсерін талқыға салды.

Қазіргі таңда «Жүргіншілерге арналған қала» жобасы аясында 500 көше және 1400-ге жуық ескі аула жөндеуден өткен. Жаңартылған қала көшелеріндегі кәсіпкерлік белсенділігі мен тауар айналымы 15-тен 40 пайызға дейін артқанын жүргізілген зерттеу дәлелдеп отыр. Жыл басынан бері бизнестің 50-ден астам жаңа нысаны ашылған. Қала әкімінің орынбасары Алмас Мәдиевтің сөзінше, кәсіпкерлер тарапынан айтылатын пікірлер ескерусіз қалмайды.  

«Біз бір орында қалып, қаланы жаңартудан бас тарта алмаймыз. Егер кімде-кім тиісті келушілерден айырылып, сату деңгейі төмендесе, қала тарапынан көмектесуге, нарықта дамуға, несие рәсімдеуге қашанда дайынбыз. Реформалар қалада жайлы жағдай жасап, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті, экономиканы тұрақты дамытуды да қатар алып жүреміз. Қазіргі таңда экономикадағы сауда көлемі 33 пайызды құрайды. Тауар айналым көрсеткішін азайтпау керек. Жаңартылған көшелерде халыққа да, велосипед мінгендерге де жағдай жасалған», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас МӘДИЕВ.

Өз кезегінде, шағын және орта кәсіпкерлік одағының басшысы Тимур Жәркенов қала саясатының қоғамдық кеңістікті өзгертуге деген ниетіне қолдау білдірді. Тек жергілікті биліктен кейбір нақты мәселелере жекелей назар аударуын сұрады.

«Тағы да қайталаймын, тамаша жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, кішігірім мәселелер бар. Кей тұста кәсіпкерлердің де пікірі ескерілсе екен. Айтқандарымыз тәжірибеде іске асса дейміз. Біз веложолаққа, жүргіншілер жолына зиян келтірместен, кейбір мәселелерді реттеуге ұсыныс жасауға мүмкіндік алсақ екен», – деді Шағын және орта кәсіпкерлік одағының басшысы Тимур ЖӘРКЕНОВ.