Алматыда тұмауға қарсы екпе қанша тұрады және әсері қандай болуы мүмкін – маман кеңесі

04.10.2018 23:55

Алматыда тұмауға қарсы жаппай егу басталды. Тегін вакцина бірінші кезекте қарттар мен жүкті әйелдерге, диспансерлерде ем қабылдайтын жандарға беріледі. Сондай-ақ балалар үйі мен мектеп-интернаттарына да тегін таратылады. Биыл елімізде тұмаудың «Сингапур», «Мичиган» және «Колорадо» деген үш түрлі штаммы лаң салмақ. Қалада вакцинаны қай жерден алуға болады? Оның құны қанша? Бұл сауалдарға Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық департаментінің бас маманы Бибігүл НҰРҒАЛИЕВА жауап бермек.

– Вакцинацияны қай жерден алуға болады? Екпе құны қанша?

– Биыл Алматы қаласында тұмауға қарсы екпе 33 қалалық клиникалық емханада және 7 жекеменшік медицина орталығында жасалады. Тұмауға қарсы вакцинаның бағасы 1500-3000 теңге аралығын құрайды.  

– Осы жылы Алматыда қанша доза вакцина сатып алынды? Осы уақытқа дейін қанша адамға екпе салынды?

– Жергілікті қаржы есебінен биылғы жылы 90 мың доза вакцина сатып алынды. Қазіргі кезде тұмауға қарсы вакцинаны 18 мыңнан астам адам алған. Ал жекеменшік медицина орталықтарында 900-ге жуық адам алды. Тұмауға қарсы вакцина көбінесе тәуекелділігі жоғары арнаулы топтарға салынады. Атап айтсақ, балаларға, зейнеткерлерге, созылмалы жүрек-жүйке аурулары мен ауыратын адамдарға және осындай жоғары топтарға салынады.

– Екпе алған азаматтарда кері әсер болған жоқ па? Шағыммен жүгінгендер болды ма?

– Тұмауға қарсы вакцина салғаннан кейін жағымсыз әсерлері болған азаматтар біздің мекемемізге келіп түскен жоқ. Екпені алар кезде әрбір адамды дәрігер бақылауға алып, қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда ғана вакцина салады. Қаладағы әрбір азамат тұмауға қарсы вакцинаны өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша емханалардан немесе жекеменшік медициналық орталықтардан ала алады. Ал тұмауға қарсы вакцина салғаннан кейінгі орын алған жағымсыз әсерлер бұрын-соңды тіркелген жоқ.

– Маңызды мағлұматыңызға рахмет, Бибігүл ханым!