«Алтынкөл» кеден бекетінде пара алды деп айыпталған кеденшілерге сот үкімі шықты

21.11.2018 23:56

«Алтынкөл» кеден бекетінде ірі көлемде пара алды деп айыпталған бір топ кеденшіге сот үкім кесті. Бүгін Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта аты шулы іске нүкте қойылды.

Судья сотталушылардың әрқайсына әртүрлі мерзімде жаза тағайындады. Кінәсін бірден мойындап, тергеу жұмыстарына көмектескен 3 кеденші 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал қалғандары 7 жылға темір торға қамалады.

Бұған дейін сотталушылардың барлығы қылмыстық топ құрып, кәсіпкерлерден ірі көлемде пара алды және шекарадан контрабандалық тауарларды кедергісіз өткізді деп айыпталған еді. Алайда, судья қылмыс құрамы жоқ деп есептеп, кеденшілерді 262-бап бойынша кінәсіз деп таныды. Яғни, олардың қылмыстық топ құрып, кәсіпкерлерден үркітіп ақша талап еткені дәлелденбеді. Сондықтан сотталушылар топ болып сөз байласып, бірнеше рет ірі көлемде пара алғаны үшін жаза арқалайтын болды.  

«Сотталушылардың барлығына өмір бойы мемлекеттік қызметте істеуіне тыйым салынады. Олардың кәмелет жасына толмаған балалары бары ескеріліп, жазалары жеңілдетілді. Сотталушылар жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтесін», – деді Алматы қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Бақытхан БӘКІРБАЕВ.

Еске сала кетсек, бұл қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне биыл ақпан айында тосқауыл қойылған болатын. Құзырлы орган өкілдері өткізген арнайы операция кезінде еліміздің кеден бекеттерінде контрабандамен айналысқан 8 қылмыстық топ ұсталды. Бұл топ солардың тек біреуі ғана. Тергеу материалдарына сүйенсек, сотталған кеденшілер «Алтынкөл» кеден бекеті арқылы контрабандалық тауарларды заңсыз өткізді деп айыпталған. Олар айналдырған бір айдың ішінде кәсіпкерлерден 20 млн теңгеге жуық пара алған.