Бұдан былай Қазақстандағы науқастарға қатысты барлық ақпарат амбулаторлық картаға емес, электронды білезікке енгізіледі. Бүгін Астанада заманауи ID құрылғы таныстырылды. Аталған медициналық білезіктер, негізінен артериялық қан қысымы, қант диабетіне және созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан диспансерлік топқа жататын науқастарға арналған. Пилоттық жоба әзірге шаһардың үш емханасында сыналып жатыр.
ID білезігін алғашқылардың бірі болып астаналық Шолпан Еликеева тақты. Айтуынша, қан қысымы жүйесі бұзылғандықтан, қоғамдық орындарда есінен танып қалатын кездері жиі болады.
«Бір күні қан қысымым күрт жоғарылап, автобустың ішінде талып қалдым. Жанымда ешкім болған жоқ. Жедел жәрдем қызметін қоғамдық көліктегі адамдар шақырған екен. Ауруханаға жеткенімде бір-ақ өзіме келдім. Сонда дәрігерлер аты-жөнімді, қандай дәрі-дәрмек ішетінімді сұрастыра бастады. Басым мең-зең болып жауап бере алмадым. Ондай жағдайда өздеріңіз білесіздер, сөйлеудің өзі қиынға соғады. Ал бұл білезіктен барлық ақпараттың дәрігерлер өздері көре алады», – деді Шолпан ЕЛИКЕЕВА.
№9 қалалық емханада есепте тұрған науқас білезікті бір аптадан бері тағып жүр. Айтуынша, жеңіл, ыңғайлы әрі су өтпейтін бұл құрылғыға оның бүкіл диагноздары, талдамалары, жүргізілген ем-домдар жайлы ақпарат түгел енгізілген.
«Білезіктің арқасында біз науқастың барлық созылмалы ауруларын білетін боламыз. Бойы, салмағы, нендей дәрі-дәрмекті қолданатынын, қандай мөлшерде ішетінін біле аламыз. Ал мұның барлығы жедел медициналық қызмет көрсетуде өте маңызды», – деді Астана қалалық Жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Тимур МҰРАТОВ.
Статистикалық мәліметтер бойынша жыл сайын 500-ге жуық адам ауруханаға есінен танған күйі түседі. Сондай жағдайда дәрігерлер шұғыл ем жасау үшін науқас жайлы бір-екі ақпараттың болуы өте маңызды дейді.
«Кейде адамдар реанимацияға түсіп, 7-10 күндей ессіз жатады. Қандай да бір амал жүргізу үшін жақындарын, тума-туыстарын табуымыз қажет. Мысалы, қандай да бір препараттарға аллергиялық реакция бар-жоғын анықтау керек. Алайда, өзінде тұлғасын растайтын құжаттары болмаған соң, ақпарат жинау жағы қиындау болады», – дейді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан НАДЫРОВ.
Дәл осы ID-білезікке науқас жайлы бүкіл ақпарат енгізілген. Құрылғы тіпті адам естен танған кезде оның жақындарын оқыс жағдай жайлы хабардар етеді. Жедел медициналық көмекті көрсетуге келген ақ желеңділер QR-коды сканерлеген сәтте алдын ала енгізілген ұялы телефондарға хабарлама келіп түседі.
Аталған ID жүйесі халықаралық тәжірибеге негізделген. Эксперименталды аппараттар әзірге 210 адамға тегін берілген. Олар созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне, қант диабеті мен артериалды гипертензияға шалдыққан науқастар. Анықталғандай, шаһарда қазір диспансерлік есепте 120 мың адам тұр. Қанатты жоба келер жылдың наурызына дейін сыналмақ.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана