Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өңірлік журналистиканың барлық бастамасын қолдайды. Astana Media Week шарасының екінші күні аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының форумы өтті. Жазарман қауымның басын қосқан жиында мерейтойлары жақындаған баспасөздер марапатталып, аталмыш саладағы мамандарды мазалайтын мәселелер талқыланды.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамасымен өтіп жатқан Astana Media Week форумының екінші күні аяқталды. Дәстүрлі журналистика мен жалпы сала жайы сөз болған жиын басында министр Дәурен Абаев мерейтойлары жақындаған масс-медиа компанияларын марапаттады. Олардың арасында 20 жасқа енді толатын арналар мен тарихы бір ғасырға пара-пар баспасөз қызметтері бар. Құттықтау сөзінен кейін ведомство басшысы өңірлік әріптестердің қаншалықты маңызды екенін айтты.
«Алдағы уақытта медиафорум өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналады деп сенемін. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өңірлік масс-медианың сапасын арттырады. Кез келген бастаманы бастап беруге әзір», – деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.
Жиынға келгендер жастарға оқу мәдениетін үйрету керек деді. Ғаламтор дамыған заманда жасы мен кәрінің газет, журнал оқуы күннен күнге қиындап бара жатқанын тілге тиек етті.
«Оқырманды түбінен тәрбиелеу керек. Гүлді көшетінен суарып өсіретіндей, оқырманды да солай мәпелеп өсіру керек, даярлау керек. Оларды жоғалтып алмауымыз қажет. Оқу мәдениеті деген өте үлкен құндылық. Жапонияға барсаңыз да, Италияға, Қытайға, Ресейге барсаңыз да, метро болсын, басқа болсын, кез келген жерде қолына газет алып отырған адамды көресіз», – деді республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре ЖҮСІП.
Astana Media Week форумының екі күнінде аймақтық журналистерден өзге, ел көрермендеріне тұңғыш рет жол тартатын деректі фильмдер, ток-шоулар мен бағдарламалардың тұсауы кесілді. Ертең қатысушыларға Astana Digital Forum шарасы ұсынылады. Онда цифрлық экононимика аясы, ғаламтор жарнама жайы сөз болмақ.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана