Е-Gov порталында 16 жасқа дейінгі балаларды тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметі іске қосылды. Бұл туралы Ұлттық ақпараттық технологиялар орталығы хабарлады.
Жаңа мемлекеттік қызметтің қалай жүзеге асатынын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ЭҮП басқармасының бас маманы Жайнагүл БЕКТЕНОВА егжей-тегжейлі түсіндіріп бермек.
– Жайнагүл Орденбайқызы, балаларды e-Gov арқылы тіркеу қашан басталғанын айтып өтсеңіз?
– Е-Gov порталында 16 жасқа дейінгі балаларды тұрғылықты жері бойынша тіркеу 19 желтоқсаннан бастап қолжетімді. Бұл қызметті электрондық цифрлық қолтаңба арқылы алуға болады.
– Бұл қызметті қалай қолдануға болады? Соны түсіндіріп өтсеңіз.
– Жаңа қызметті қолдану үшін eGov порталының «Азаматтық, миграция және иммиграция» бөлімінің тіркеу және тіркеуден шығару бөлімшесінде онлайн сұрау түймешесін басу арқылы және көрсетілген нысандағы үлгіні толтыру, онда баланың ЖСН нөмірі, келу мақсаты, тіркелу себебі және де өтініш берушінің меншік иесі немесе меншік иесі емес екенін көрсету керек. Егер де тұрғын үйдің меншік иесі үшінші тарап болған жағдайда өтініш беруші меншік иесінің ЖСН-ін және мекенжайды көрсетеді. Содан кейін бұл өтінім тұрғын үй иесінің жеке парақшасына келісу үшін жіберіледі. Тұрғын үйдің меншік иесі жеке парақшасында өтінімге ЭЦҚ арқылы келісім береді. Содан соң ІІМ-нің жүйесіне өтінім жөнелтіледі. ІІМ жүйесі 10 минуттан кем уақытта жауап береді. Және баланың тіркелгендігін мекенжай анықтамасын алу арқылы тексеруге болады.
– Жауабыңызға рахмет!
Тоғжан Жалғасбекқызы, «Алматы» телеарнасы