«Союз-10» зымыран қалдықтары қоршаған ортаға қауіп төндірмейді – министр

24.10.2018 00:02

Еліміздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов «Союз МС-10» зымыран-тасығышын ұшыру кезінде орын алған апат жайын айтты.

Ведомство басшысының сөзінше, аймақта жүргізілген сынамалар нәтижесі қалыпты деңгейде екендігін көрсеткен. Төтенше жағдай қоршаған ортаға немесе азаматтар денсаулығына еш қауіп төндірмейді. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін сынамалар Ресейге жіберіледі дегенді де қоса кетті министр.  

«Экологиялық сынамалар қалыпты жағдайды көрсетті. Сараптамалар аяқталып қалды. Бүгінде айтарлықтай экологиялық ластану жоқ», – деді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.

Естеріңізге салсақ, 11 қазанда Байқоңыр айлағында орбитаға шығарылған көліктік «Союз МС-10» кемесінің зымыран тасығышы апатқа ұшыраған. Кеме бортында «Роскосмос» ғарышкері Алексей Овчинин мен «NASA» ғарышкері Ник Хейг болған. Апаттан кейін экипаж Жезқазған қаласынан 25 шақырымдай қашықтан табылды. Апаттың себебін мамандар дұрыс бекітілмеген зымыран бөлшектерінен деген еді.