«Қорғаста» жүк өткізуді жеделдететін терминалдар енгізілмек

15.11.2018 00:02

Жүк өткізуді жеделдету үшін «Қорғаста» әуежай терминалдарының тәсілі енгізілмек.  Қазір еркін экономикалық аймақтан алған тауарын арқалаған саудагерлер шекарадан өту үшін ауа  райының қолайсыздығына қарамастан сыртта сағаттап кезек күтеді. Келеңсіз жағдай шекараның екі жағында да орын алып отыр. Ал кеденшілер саудагерлер жүкті сүйрелемей, жүк терминалы арқылы жөнелтсе, түйткіл тез шешілер еді дейді.

Гүлзат Ахметова «Қорғас» сауда аймағынан тауар алуға жиі келетіндердің бірі. Қажетін қаттап, жүгін жинап кері қайтқанымен, кедендегі тексерісте сағаттап тағы тұратын. Ал жүк терминалы ашылғалы ондай ауыртпалықтан көптеген адам арылды дейді залда тауарын күтіп тұрған саудагер.  

«Өзіміздің 50 келіні Қытай жақтан өткіземіз. Мына жақтан келгенде кезексіз аламыз. Міне, бізді мына терминалмен талон бойынша шақыртады. Бұл бізге өте ыңғайлы жүйе. Бұрын залдан 50 киллограмды көтеріп өткізетінбіз», – деді Гүлзат АХМЕТОВА.  

Бүгінде еркін сауда аймағында тауарларды қабылдайтын бес бекет ашылған. Жүкті 17 машина қазақ кеденіне жеткізіп береді. Ал жүктің иелері автобус не такси арқылы жетіп, өзіне тиесілі жүкті терминалда күтеді.    

«Сандық жүйеге көшу мақсатында біз электронды кеден атты бағдарламаны іске асырып жатырмыз. Бұл шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында бірінші рет жасалып жатыр. Ел көлемінде осындай орындар жоқ. Ен далада сағаттап тұрмас үшін және ыңғайлы, қолайлы жағдай жасау үшін осынадай күту залы мен электронды күтуді іске асырып жатырмыз», – деді «Қорғас» ШМЫХО жүк терминалының атқарушы директоры Нұрлан ЖАЙЛАУБАЙ.  

Алайда, мұндай жеңілдікті қолданғысы келмейтіндер әлі көп. Өйткені, автоматтандырылған жүйе артық салмақты әшкерелейді. Қол жүгінің салмағы елу келіден асса, саудагер қосымша құн төлейді: әрбір келі үшін 1700 теңгеге жуық ақы алынады.

«Автобустарға үлкен көлемде жүктерді салдырмаймыз. Оның 40/ 60/20 деген стандарты қойылған. Соның нәтижесінде мысалы, қазір келетін тауардың көлемі азайды. Сондықтан жұмыстың қиындығы әлдеқайда жеңілдеді. Залда адам көп болғанымен, тауар көп емес. Кезекке тұрып қиналмай, тауарды сол жаққа өткізе салады, әрі сол жақтан барып алған әлдеқайда жеңіл», – деді «Алтынкөл» кеден бекетінің бас маманы Бекен НҰРАХМЕТОВ.

Жоба бойынша, еркін сауда аймағында қабылданған жүк терминалдағы иесіне 45 минутта тапсырылуы тиіс. Бірақ іс жүзінде бұл уақытқа үлгермей жатыр. Өйткені, тонналаған тауарларды тапсыру қолмен атқарылады. Сондықтан алдағы уақытта әуежайдағыдай жүк беру әдісі қолданылады. Шекара аймағындағы автопарк, жүк сақтау қоймасы, тасымал терминалдарын салуға 1,5 миллиард теңге жұмсалыпты. Бірақ күту залы салынғанмен, жобаға өту залының құрылысы енбей қалғандықтан шекара асам деген адамдар дірдектеп далада кезек күтіп жүре тұрмақ.


Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы