Бүгін Алматыда әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Алексей Ягудин шеберлік сабағын өткізді. Ал ертең жас спортшылармен жеке шығармашылық кездесу өткізбек.
Бұл бастаманы осыған дейін Денис Тен жүзеге асырып келген еді. Енді игі дәстүрді ары қарай оның достары жалғастырмақ. Алексей Ягудин «Халық Аренада» 30 шақты жас спортшыны топқа бөліп, 1 сағаттан шеберлік сабақтарын көрсетті. Болашақта басқа да есімі елге әйгілі спортшылар да кесте бойынша өткізеді деп жоспарланып отыр.
«Ондай мүмкіндік болса, мен бірден келемін. Алдыңғы шеберлік сабағын Денис Тенмен бірге өткізгенмін. Бұл менің тек негізгі жұмысым ғана емес, адамгершілік тұрғыдағы борышым да. Қандай жағдай болмасын, адам болып қалу керек. Өсіп келе жатқан жас спортшыларға білгенімді үйреткім келеді. Көктемде Ресейде мәнерлеп сырғанауды үйрететін өз мектебім де ашылып қалар. Алған білімді бөлісу де керек деп ойлаймын», – деді Ресей спортының еңбек сіңірген шебері Алексей ЯГУДИН.
Осылайша, әріптестері ел мақтанышы, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің арда есімін ұмыттырмауды көздейді. Енді күзде «Денис және оның достары» шоуы жалғасын табуы мүмкін. Шеберлік сабағын өткізудің өзіндік қиындықтары болады дейді мамандар. Ал масте- классқа қатысқан шәкірттер көп нәрсені үйренгендерін айтады.