Ел мектептерінде оқушылардан қаржы талап ету жағдайы төмендемей тұр. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астананың орта білім беру ордаларында жүргізген сауалнама осындай нәтиже көрсеткенін айтады. Яғни, 100 ата-ананың 80 пайызы растаған.
Еліміздегі мектептерде заңбұзушылықтар көрсеткіші азаймай тұр. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айтып отыр. Мысалы, елордалық 15 мектептің директоры оқу маусымы басталарда ата-ана қауымынан заңсыз түрде мекенжай туралы анықтама қағазын сұратқан. Жағдайды анықтаған агенттік мектеп басшыларының бесеуіне қатаң жаза қолданса, қалғанына ескерту жасапты. Сонымен қатар, әлеуметтік сауалнама мектептерде ақша жинау фактісі бар екенін көрсеткен.
«Осындай қауіптің бар екенін анықтадық, білдік. Егер де 100 адамның 3-і ғана ондай әрекеттің бар екенін айтар болса, мәселені мұншалықты деңгейде көтермес едік. 100 адамның 80-і осындай жағдайдың бар екенін айтып отырғандықтан, біз осы тұрғыдан шаралар қабылдауға кірісіп кеттік», – деді Астана қаласы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА.
Жемқорлыққа қарсы мамандар жоғарыда аталған жайттар қайталанбас үшін Білім министрлігіне түрлі ұсыныс дайындаған. Қаржы қылмысын анықтайтындар мектеп бюджеті ашық болуын, қандай да бір экономикалық заңбұзушылық анықталса, директорды тікелей жауапты ету мен өздерін «Ата-аналар комитеті» деп сайлап алғандарды мүлдем жою керек екенін алға тартты. Ал Астанада Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Арнайы есепке алу бөлімшесінің басшысы пара алды деген күдікке ілінді.
«Ол елордадағы дәмханалардың бірінің маңында өзінің көлігінде сотталушыны Ақтөбе облысындағы түзеу мекемесінен Ақмола облысындағы мекемеге ауыстыру үшін делдал арқылы 2 800 доллар пара алды деген күдікке ілінді. Ол бұл үшін жалпы 6 800 доллар, яғни 2,3 миллион теңгеге жуық ақша талап еткен. Күдікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, оқиға орнынан жасырынып, заттай дәлелдердің, яғни ақшаның көзін жоймақшы болды», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна БАСТАРОВА.
Қазір аталмыш тұлға өз қылмысын мойындаған. Тергеу ісі аяқталып, Астана қалалық прокуратурасына жіберілді. Осы ведомствоның тағы бір маманы экономикалық қылмыс жасап, пара алды деген күдікпен ұсталды. Дәлірек айтсақ, министрлікке қарасты Көліктегі департамент басшысының бірінші орынбасары тұтқындалды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросы жедел іздеу шаралары барысында «Қазақстан - отын-энергетикалық кешені» ЖШС өңірлік басшыларын Алматы, Қарағанды, Қостанай және Қазақстанның басқа да облыстарында дизель отынын ұрлау қылмысын жасырып отыру дерегі анықталған. Тергеу барысында ұйымдасқан бір топ адам ай сайын «ТЭК Қазақстан» ЖШС қоймаларында сақтаулы тұрған «ҚТЖ» ҰК АҚ дизель отынын тонап отырғаны анықталды», – деді Жанна БАСТАРОВА.
Сондай-ақ, Қостанайда соңғы аптада үш шенеунік ұсталған. Біріншісі – «Қостанай облыстық мемлекеттік мұрағат» директорының орынбасары. Ол мемлекеттік қаржыға, яғни 55 миллион теңгеге 6 сканерді сатып алуға келісім жасаған. Оның үстіне, ақша аударымы үшін 300 мың теңге талап еткен. Мамандар оның қылмысын сол кезде әшкерелеген. Екінші жағдай «Қостанай облыстық әкімдігінің жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқарма» маманына қатысты орын алған. Оған делдал арқылы жол салушы компания өкілінен «Қостанай ауданында 72 шақырым жолды салды» деген құжат үшін 2 миллион 950 мың теңге пара алды деген айып тағылды. Тағы біреуі – Ауылшаруашылық министрлігіне қарасты өңірдегі комитет өкілі. Ол жергілікті кәсіпкерлердің экспорт пен импортқа арналған таураларына жалған құжат жасап, «қамқорлық» танытқан.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана
Сурет / zakon.kz