Оңтүстік Кореяға заңсыз жұмыс істеуге кеткен қазақстандықтарға айыппұл салынады

23.10.2018 00:05

Аспанасты еліне білім іздеп барып, далада қалып қойған 64 қазақстандық студенттің мәселесі шешілді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Осыдан 10 күн бұрын 64 қазақстандық студенттің ата-аналары Бейжіңдегі Қазақстан елшілігіне жүгініп, әлдебір қытайлық компанияға шағымданған еді. Анықталғандай, олар балаларын шетелге отандық компания арқылы келісімшарт жасасып жіберген. Ал қытайлық тарап алдын ала келісілгендей, қазақстандық студенттерді қарсы алып, жоғарғы оқу орындарына оқу мен жатақхана ақшасын аударуы тиіс болатын. Алайда, бұл талаптар орындалмай, жерлестеріміз 4 күнге жуық табылған жерді паналауға мәжбүр болды. Олардың қатарында кәмелетке толмағандар да болыпты. Бүгінде студенттерді елімізден жолдаған қазақстандық компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалды.  

«Қазіргі таңда барлық студенттер жатақханаларға орналастырылды. Тиісті жоғарғы оқу орындарына да орналастырылды. Мәселе шешілді деп айтуға болады», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек СМАДИЯРОВ.

Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Оңтүстік Кореяда 1 қазаннан бері іске қосылған «Жасыл дәліз» бағдарламасы жайлы да айтты. Аталған елде екі ел арасындағы 30 күндік визасыз режимді пайдаланып, жұмыс іздеп қалып қоятындар көп екен. Бүгінде заңды белшесінен басқан жерлестеріміздің саны 12 мыңға жуықтапты.  

«Биылғы жылдың 1 қазанынан бастап келер жылдың 31 наурызына дейін Корея аумағында заңсыз жұмыс істеп жүрген азаматтар өз еркімен қайтатын болса, ешқандай айыппұл тағылмайды, депортацияға жатқызылмайды. Ал егер де оны қолданбай, күшейтілген рейдтердің барысында Корея полициясының қолына түссе, 6,5 миллион теңге айыппұл салынады және 10 жылға Кореяға кіруге тыйым салынады», – деді Айбек СМАДИЯРОВ.