Алматы қаласы жыл соңына дейін 100 пайыз көгілдір отынға көшеді. Биыл қалада алты мыңнан астам үйге газ тартылмақ. Дегенмен, тозығы жеткен газ құбырларын жаңарту жұмыстары келер жылы да жалғасады. Бұдан былай қала ішінде жол бойында тұрған газ желілері түгелдей алынады. Есесіне, үйлерге көгілдір отын жер астына көмілген арнайы пластик құбыр арқылы жіберілмек. Мамандар мұны жаңа технология деп түсіндірді.
Алматыда ауаның ластануын қысқартып, экологияны жақсарту үшін жекеменшік үйлерді жаппай көгілдір отынға көшіру жұмыстары аяқталуға шақ. Биыл қала 100 пайыз газдандырылады. Көгілдір отынның игілігін әсіресе, шаһар аумағына жаңадан қосылған елді мекендер көреді. Күн суытса көмір тасып, талай жылдан бері әбігерге түскен «Шаңырақ-5» ықшамауданының тұрғындары биыл табиғи газбен қамтылмақ. Қазір қондырғылар толықтай орнатылып, монтаждау жұмыстары жасалып біткен. Енді жылыту маусымы басталса көгілдір отын әр баспанаға жіберіледі.
«Осы жерде 7 жылдан бері тұрамыз. Бұған дейін көмір жағып келдік. Ертелі-кеш бәріміз жұмыста жүретіндіктен, кешке үйге келгенде көмір жағып, қиналатын едік. Қыстың жартысына жеткенде көміріміз бітіп қалып, еш жерден көмір таппай қалған да кездеріміз болды. Енді биыл газ тартылып жатқандықтан, ондай қиындықтар тумайды деп ойлаймын», – дейді тұрғын Шәріпхан ЖҮНІСОВ.
«Осы уақытқа дейін көмір жағып келдік, жылына 10 тоннадай көмір алатынбыз. Енді міне, биыл газ келеді деп қуанып жатырмыз»,– дейді тағы бір тұрғын Биғайша ТАСТЕКЕЕВА.
Биыл қалаға қосылған Әлмерек, Рахат, Заря-Восток және Трудовик ықшамаудандарында пеш жағып күнелткен тұрғындар үшін де енді ол күндер артта қалады. Аталмыш елді мекендерге де биыл түгелдей газ тартылмақ. Ондағы жұмыстарды «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі орындауда. Аталмыш мекеме биыл қала аумағында 213 шақырым газ желісін жасаған. Ал 20 шақырым ескі құбырды жаңа технологиямен жаңартыпты. Енді қала ішінде жол бойында тұрған газ желілері түгелдей алынады. Есесіне, үйлерге көгілдір отын жер астына көмілген арнайы пластик құбыр арқылы жіберілмек.
«Бұл құбырлар өте төзімді, 50 жылға дейін шыдас береді. Апаттық жағдайларда да тұрғындар көгілдір отыннан тарықпайды. Газ үздіксіз беріліп тұрады. Қазіргі кезде жол бойында тұрған газ желілері күн мен жаңбырдан шіри бастаған. Техника тиіп кетсе де ақау шығады. Ал жер астына көмілген арнайы пластик құбыр өте ыңғайлы болмақ. Болашақта қала ішіндегі газ құбырларын осындай тың тәсілмен жаңартамыз», – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы қаласы өндірістік филиалы директорының орынбасары Қайсар АМАНГЕЛДИЕВ.
Бүгінде Алматы қаласында жекеменшік үйлерді газға қосу құны әртүрлі. Кей мекемелер бұл қызметі үшін 150 мың теңге төңірегінде ақша алса, кей монополист компаниялар 300 мың теңгеге дейін төлем алады. Дей тұрғанмен, биыл мамыр айынан бастап аз қамтылған азаматтардың үйіне дейін газ құбырын орнату үшін жеңілдіктер қарастырылды.
«Аз қамтылған азаматтардың үйіне дейін газ құбырын орнату және жүргізудегі бір нүктенің 100 пайыз шығын мөлшерін өтеу үшін оларға әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Осы мақсатта 282 адамға қала бюджетінен 59 млн теңге қарастырылған», – деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан ОТЫНШИЕВ.
Жалпы, биыл Алматыда 6 мыңнан астам үйге газ тартылып, ондағы тұрғындар көгілдір отынның игілігін көреді. Ал 2021 жылға қарай қала маңындағы қосымша 4 мың жеке үйді газға қосу жоспарлануда. Шаһарды жаппай газдандыру тек тұрғындарға ғана жайлы емес, сондай-ақ, бірқатар экологиялық мәселелерді де шешуге ықпал етпек.
Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы