Көктайғақ: Алматыда 50-ден астам тұрғын жедел жәрдем көмегіне жүгінген

07.12.2018 00:09

Алматыда 1 желтоқсаннан бері 50-ден астам адам көктайғақтан құлап, жедел-жәрдем көмегіне жүгінген. Тұрғындардың дені қандай жарақат алып жатыр? Тазалыққа жауаптылар жүргінші жолдарындағы көк мұзды қалай тазалап жатыр?  

Алматыдағы жедел-жәрдем стансасына өткен сенбіден бері көктайғақтан құлап, хабарласқандар саны тура 51 екен. Тұрғындардың дені тобықтарын шығарып, жабық ми жарақаты бойынша дәрігерлер көмегіне жүгінген. Дәрігерлердің сөзінше, шақыртулар саны қалыпты жағдайдан аспаған, алаңдайтын себеп жоқ деп отыр.

«Шақыртулар өңделіп, ауруханаларға тасымалданды. Науқастар негізінен: №4 аурухана, Алматы қаласында жедел медициналық ауруханасы, №12 орталық қалалық аурухана және №7 қалалық клиникалық ауруханалардың Жарақат бөліміне тасымалданады», – деді Алматы қаласы №6 қосалқы стансасының меңгерушісі Шайхидин БАДИРОВ.

Ал Бостандық ауданының коммуналшылары 190-нан астам шақырым тротуар мұздан тазаланғанын айтады. Желтоқсан айы басталғалы бері 300-ге жуық маман мен 15-ке тарта арнайы техника күндіз-түні қар тазалап жүр.    

«Біз тәулік бойы жұмыс жасап жатырмыз. Күндіз де, түнде де жұмыс жүргізілуде. Түнде қатып жатқан жерлерге арнайы құм араласқан тұз себеміз», – дейді «Алматы Тазалық» МКМ қызметкері Айдар ҚОЖАХМЕТОВ.  

Тротуарды тазалауға смарт-техникалар жұмылдырылады. Алдымен «пони» деп аталатын шағын техника тұз араласқан құмды тротуардың бойына сеуіп шығады. Араға 2-3 сағат салғаннан кейін мынадай шағын трактор айнадай қылып сыпырып тастайды. Коммуналшылар техникалар бара алмайтын жерге адам күші жұмылдырылып жатыр дейді.

Тазалыққа жауаптылар көшені тазалау кезінде жол жиегінде тұрған көліктердің кедергі келтіретінін айтады. Сондықтан темір тұлпарларды жол жиегіне қалдырмауға кеңес береді. Қазір Бостандық ауданында жолдың 80 пайызы тазаланған.


Өмір Әнуарбек, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы