Ішкі істер министрлігі 500-ге жуық полицейді жұмыстан босатпақшы

08.12.2018 00:10

Алдағы екі жылда елімізде 500-ге жуық полицей жұмысынан босатылады. Қысқартуға негізінен, басқарушы аппарат қызметкерлері ұшырамақ. Сөйтіп қазынаның 16 млрд теңгесі оңтайландырылуы мумкiн. Үнемделген қаражат қалған полицейлердің жалақысын көтеруге жұмсалады. Бұл туралы бүгін Парламент тыңдауында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді.

Сенат депутаттарының алдына ішкі істер саласында күтілетін өзгерістер туралы баяндауға келген Қалмұханбет Қасымов әуелгі сөзін оң көрсеткіштерден бастады. Оның сөзіне сенсек, биыл Қазақстанда қылмыстың саны айтарлықтай азайған. Мәселен, соңғы 11 айда ауыр қылмыс дерегі 21 пайызға төмендесе, аса ауыры 12 пайызға кеміген. Қылмыстың азаюы, тәртіп сақшыларының да санын қысқартуға әсерін тигізеді. Алдағы екі жылда елімізде 500-ге жуық полицей жұмысынан босатылмақ. Қысқартуға негізінен басқарушы аппарат қызметкерлері ұшырайды екен.

«Штат санының 10 пайызы қысқарады. БҰҰ ұсынымында 100 мың адамға 300 полиция қызметкерінен келуі керек делінген. Қазір бізде 100 мың адамға 471 полицейден келеді. Енді қызметкерлерді 10 пайызға қысқарту арқылы 100 мың адамға 424 полицейге жетіп, Еуропа нормаларына жақындаймыз. Аймақтық полиция органдарының аппараттарында 450-ге жуық басшыны қысқартуды жоспарлап отырмыз», - дейді Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Ал, қылмыстың ізін суытпай ашуға септігін тигізетін тергеушілер, учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдер бұрынғыдай қызметінде қала бермек. Жұмыстан босатылатын сақшылардың есебінен қазынаның 16 млрд теңгесі оңтайландырылатын көрінеді. Үнемделген қаражат есебінен қалған полицейлердің жалақысы өседі.

«Патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысы – 65 пайызға, тергеушілердікі – 55, учаскелік полицейлердің еңбекақысы 25 пайызға көтеріледі. Және қалған қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өседі. Бұл үшін бюджеттен 21 млрд теңге қарастырылған. Бірақ, біз қысқартылатын полицейлердің есебінен жалақы мәселесін толық шеше аламыз», - дейді Ішкі істер министрі.

Дегенмен, шетел тәжірибесіне сүйеніп, тәртіп сақшыларының санын қысқартуды көздеген Қасымовтың мәлімдемесіне сенаторлар күмәнмен қарады. Олар полицейлерді санын азайтып, қылмыстың көрсеткішін күрт көбейтіп аламыз ба деп қауіптенуде.

«Шетелдік рейтингтерді қумай, қауіпсіздік мәселесін мұқият ойлануымыз керек. Сіз 100 мың адамға 300 полицей болуы керек дейсіз. Бұл сан біздің елімізде темірдей тәртіп орнатқанға жеткілікті ме? Осыдан он жыл бұрын Нью-Йорк қаласында тәртіп сақшыларының саны азайған болатын. Соның салдарынан ол жақта қылмыс көбейіп кетті. Біз де соның кебін кимесек болғаны», - деді Сенат төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ішкі істер министріне.

Десе де, Қасымов жалақысы көбейген сақшылар қылмыспен бұрынғыдан жақсырақ күресетініне сенімді. Олардың тіпті баспана мәселесі де оң шешімін таппақ. Бұған дейін пәтер алуға жеңілдік тек тергеу мен жедел іздестіру қызметкерлерінде ғана болған екен. Енді бұл тізімге жол сақшылары, учаскелік полиция инспекторлары мен осы саланы басқарушылар да кіреді. Бұл үшін 8 млрд теңге бөлініпті. Айта кетсек, ведомства басшысы полицейлерге жәрдем беріп, әр түрлі құқық бұзушылықтарды видеоға түсіріп жіберген қарапайым тұрғындарды да жарылқамақ.

«Шет мемлекеттерде тұрғындар құқық бұзушылықтың куәсі болса, бірден телефонына түсіріп полицияға жолдайды. Ол үшін шағын сыйақы беріледі. Біз де осы жүйені енгізу үшін мобильді қосымша жасап жатырмыз. Егер тұрғын заң бұзған видеоны бізге жіберсе, міндетті түрде оған ақы төленеді. Айыппұлдан түскен ақшаның 50 пайызын мемлекетке, ал қалған 40 пайызын сол адамға берсек деп жоспарлаудамыз», - дейді Қ.ҚАСЫМОВ.

Сондай-ақ, бас полицей құзырлы органда қордаланған бірқатар мәселелерге тоқтады. Қасымов Сенат депутаттарынан бернеше рет қылмыс жасағандарды «тараптардың татуласуы арқылы» босатпауды сұрады. Өйткені, биыл қылмыстық жауапқа тартылған 88 мың адамның 27-мыңнан астамы бұған дейін талай рет істі болған екен.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Қүндақбаев, «Алматы» телеарнасы