Алматыдағы «Москва» сауда кешені сот шешімімен жұмысын тоқтатады

26.10.2018 00:16

Алматыдағы «Москва» сауда кешені соттың шешімімен қызметін тоқтатады. Енді 1 мыңнан аса адам жұмыссыз қалуы ықтимал.

Еске салсақ, төтеншеліктер ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап қаладағы бірқатар сауда кешендерінің өрт қауіпсіздігін тексерген еді. Тексеруге Кемерова қаласындағы «Зимняя вишня» сауда кешенінің өртке орнауы басты себеп болған. Тексеріс кезінде аталған сауда орталығынан 22 заңбұзушылық анықталыпты.

Орталық 1 ай ішінде 21 олқылықтың орнын толтырғанымен, қалған біреуі күні бүгінге дейін шешілмей келеді. 2016 жылы қолданысқа берілген «Москва» сауда кешені мен оның қасындағы кафенің арақашықтығы техникалық талапқа сай келмей шыққан. Талап бойынша арасы 6 метр болуы тиіс.  

«Заң бойынша, техникалық регламент бойынша қашықтық реті сақталмаған. Енді біз техрегламент бойынша сол қашықтықты сақтауға тиіс екенбіз. Ең бастысы, сауда кешенінің қабырғасы отқа төзімділігі тұрғысынан бірінші деңгейлі материалмен қапталған. «Саррито» кафесінің иесі өзінің ғимаратын қайта құрылымдап, ағаштан жасалған панельді қасбетін алып, орнына кірпіш қойып шығуы тиіс», – деді сауда кешеннің қоғамдық кеңес жөніндегі кеңесшісі Нұркен ХАЛЫҚБЕРГЕН.    

Ал мәселені шешуге кафе әкімшілігінің еш құлқы жоқ дейді сауда кешенінің өкілдері. Өйткені, мамыр айынан басталған келіссөз нәтижесіз болған көрінеді. Айтуларынша, кафе сыртын сауда кешені өз қаражатына қызыл жалынға төзімді етіп жасап беруге талаптаныпты. Дегенмен, келісім ала алмаған.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жыл басынан 183 сауда орталығынан 2 мыңнан аса заңбұзушылықты анықтапты. Тексеру кезінде түзелу үшін тиісті нұсқамалар да берілген. Қаладағы сауда кешендерінің басым бөлігі заң бұзушылықтарды жойғанмен, 30 шақтысы заңбұзушылықтарды ретке келтірмеген. Сондықтан істері сотқа жолданды. Қазір 12 сауда кешені бойынша тиісті әкімшілік сот шешімі шығарылып, айыппұлдар салынды.  

«Кафе сауда кешенінен бұрын салынған. Өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында арақашықтық сақталуы тиіс. Бұл талап белгісіз себептерге байланысты құрылыс басталғанда ескерусіз қалған. Негізі, ғимараттар арасында 6-дан 15 метр аралығында арақашықтық болуы керек. Ол нысанның биіктігіне байланысты», – деді Алматы қаласы ТЖД бөлім басшысы Родриго РОЗЕНБЕРГС.