Шақыртуға барған бригада көлігінің тізгіншісіне белгісіз біреу үйінің алдындағы тұрақтан алып тастауын сұраған. Нәтижесінде, фельдшер мен науқасты күтіп отырған жүргізуші орнынан кетіп қала алмаған. Ақыры әлгі азамат жедел жәрдем карета тізгіншісінің бетіне газ шашқан. Нәтижесінде, ол химиялық күйік алыпты. Бірақ жәбірленуші ешқандай көлік қозғалысына кедергі келтірмегенін айтыпты. Қазір аталған оқиға бойынша күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
Оқиға кеше кешкі сағат сегіздер шамасында Жетісу ауданында орын алған. 103 нөміріне келіп түскен шақырылымға барған 7/31 бригадасы осы уақыт аралығында Жетісу ауданындағы көшелердің бірінде болыпты. Жәбір көрген жүргізушінің берген мәлімдемесіне сәйкес, бейтаныс адам келіп, жолдан көлікті алып тастауды өтінген көрінеді. Бірақ жүргізушінің айтуынша ол қозғалысқа еш кедергі келтірмеген. Сәлден кейін әлгі бейтаныс адам келіп, жүргізушінің бетіне белгісіз химиялық затты шашып жіберуі салдарынан, жедел жәрдем жүргізушісі 1-ші және 2-ші дәрежелі күйікпен №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген.
«Біз басқа бригада шақыруға мәжбүр болып, екі бригада келіп, жаңағы қаралған пациентті стационарға алып кетуге бір бригада, біздің жүргізушіге көмек көрсетуге екінші бригада келіп, ауруханаға жеткізілді. Бүгінгі күні біздің жүргізуші ауруханада 4 пайыздық күйік салдарынан бет және мойын аймағының 4-ші қалалық клиникада ем алуда», – деді Алматы қаласы Медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Сәбит ПАЗЫЛОВ.
Полиция департаментінің берген мәліметіне сәйкес, бұзақы, яғни оқиғаға күдікті адам ұсталған. Ол 1998 жылы туылған азамат екен. Бұрын-соңды сотты болмаған. Қазір онымен тергеушілер айналысып жатыр.
«Жүйелі түрде өткізілген шаралар нәтижесінде, процессуалдық шешім қабылданатын болады. Бұл іске қатысы бар сезікті де айқындалды. Ол 1998 жылы туылған жергілікті тұрғын болып шықты. Жергілікті азамат. Қазір ол полицияда түсінік беру үстінде. Бап бойынша 3 жылдан аса бас бостандығынан айыру мерзімі көзделген, айыппұл да көзделуі мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, ол тек сот құзырындағы мәселе», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Айта кетейік, жедел жәрдем қызметкерлерімен болған оқыс оқиға бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Биылдың өзінде осындай 5 жағдай тіркелсе, 2016 жылы бір жағдай, 2015 жылы 4 дерек тіркеліпті. Осыдан кейін Үкіметте дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі көтерілуі мүмкін дейді дәрігерлер.
Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы