|
09.11.2018 | 15:00
12756

Алматыда Иракта бітімгер болған қазақстандық жауынгерлерге арналған фотокөрме ашылды

Алматыда Иракта бітімгер болған қазақстандық жауынгерлерге арналған фотокөрме ашылды

«Қазбат» батальонының Ирактағы бітімгерлік миссиясын аяқталғанына 10 жыл. Осыған байланысты Алматыда «Ирактың ортақ аспаны астында» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Желтоқсанда елордада көпшілік назарына ұсынылып, нүктесі Польшаның Гданьск қаласында қойылады.  

Көпшілік назарына ұсынылған 30 фотосурет сарбаздардың естеліктеріне толы. 2003 жылы Саддам Хусейннің билігі жойылған соң, халықаралық ұйымдар Ирактағы жағдайды тұрақтандырып әлек. 4 қауіпсіз аймақ құрылып, оның оңтүстік-орталық бөлігіндегі қауіпсіздікті «Орталық-Оңтүстік» дивизиясы өз мойнына алады. 23 мемлекеттің әскерлері қатарында қазақстандық сарбаздар да бар.

«Соғыстың аты соғыс қой. Біз қақтығыс болып жатқан жерлердің дәл ортасында болдық. Тіпті, оқ астында қалған кездеріміз болды. Бір рет күндіз, екіншісінде түнде болды», – деді 28079 әскери бөлімше командирінің орынбасары Асқар СМАҒҰЛОВ.

Бұл фотосуреттерден бір ғұмырды байқауға болады. Ирактағы арнайы миссия қазақстандық сарбаздар үшін алғашқы және ұмытылмас оқиға екені даусыз. Олардың алдында тұрған міндет – жарылғыштарды залалсыздандырып, қару-жарақтың көзін жою еді. Дәл осы жерде, өкінішке қарай, бір батыр ерлікпен қаза тапқан екен.

2005 жылы 9 қаңтарда бітімгерлік миссиясын орындау барысында капитан Қайрат Құдабаев кенеттен қаза табады. Ол өз денесімен жарылғыш затты жауып қалып, қатарластарын өлімнен аман алып қалған.

«Капитан Құдабаев Қайрат екеуміз бір топта бітімгершілік миссиясын орындадық. Ол елде біз жарылмай қалған жарылғыш заттарды, миналарды тазартып, жергілікті халыққа көмектестік», – деді Құрлық әскерлері әскери институтының аға оқытушысы Еркебұлан ЕМБЕРГЕНОВ.

Соғыс ұлт пен нәсілге қарамайды. Қазақстандық сарбаздардан бөлек, мұнда өзге мемлекеттердің де әскерлері болған. Польшаның бітімгер-ардагерлері араға жыл салып, қазақстандық қызметтестерімен кездесті. Салтанатты кездесуде екі елдің әскери маршы орындалды.

«Қазақстандық әріптестерімен бірге Иракта болған біздің сарбаздарымыз әлемге көмегін тигізді деп айтар едім. Осы көрмені ардагерлерімізге, батырларымызға арнай отырып, «Қазбат» ардагерлерімен бірге 15 жылдан кейінгі кездесуді ұйымдастырып отырмыз», – деді Алматы қаласындағы Польшаның бас консулы Радослав ГРУК.   

Фотокөрмені астаналықтар 25 желтоқсанда тамашалай алады. Одан кейін Польшаның Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейіне жол тартады.

Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир