«Қорғас» кеден бекетінен 66 ішікті заңсыз алып өтпекші болған саудагер ұсталды.
Кеденшілердің мәлімдеуінше, «Алтынкөл» аймағында анықталған тондардың құны өте қымбат. 3 қараша күні өткен операцияға Ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері де қатысқан.
«Қазіргі уақытта тәркіленген тауардың кедендік бағасы анықталып, ұсталған азаматтарды жауапкершілікке тарту шарасы қарастырылып жатыр», – деді кеден бекеті баспасөз қызметінің өкілдері.
Декларация жасамай, заңсыздыққа барғандар ішіктерді төсек-орын жабдығы мен целлофанға орап тастаған. «Алтынкөл» кеден бекетінің бас маманы Бекен Нұрахметовтың мәліметінше, бұл өңірде жыл басынан бері 500-ден астам ішік тәркіленген.