|
19.12.2018 | 19:24
4626

90-нан астам бала Сириядан Қазақстанға оралған

90-нан астам бала Сириядан Қазақстанға оралған

Жылдар бойы соғысы аяқталмаған Сириядан Қазақстанға соңғы үш жылда 39 отбасы кері қайтқан. Террористтер жайлаған аймаққа кетіп, кейін райынан қайтқандармен бірге кәмелет жасқа толмаған 91 бала елге оралды. Олардың арасында қазақ болса да, ана тілін білмей, ортаға бейімделмегендері көп. Сириядан келген балалар тағдыры не болмақ?

Соңғы үш жылда «киелі соғыс» деген діни алдау-арбауға түсіп, Сирияға аттанған отандастарымыз Қазақстанға қайтуды жиілеткен. Атыс-шабыстан көз ашпаған аймақтан 39 отбасы елге оралыпты. Ересектерден бөлек, ата-анасының тарихи отанына қайтқандар арасында ес білмейтін шақалақтар мен бұғанасы қатпаған жеткіншектер де бар.

«Кішкентай балалар Сирияда, Иракта туылған балалар. Кейбіреулері араб тілінде тәрбиеленген. Олардың бәрін қазақша үйретіп жатырмыз. Террористтік белсенді аймақтарда туып, тәрбиеленіп өскендіктен, олардың психологиясында ерекшелік болады. Біз сол мақсатта, яғни сол балалардың психологиясын Қазақстанның менталитетіне бейімдеу үшін жұмыс жасап жатырмыз», – деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасының орынбасары Ержан ЕРСАЙЫНОВ.

Сирияда бірнеше жыл тұрып, сонда балалы болғандарды мамандар қоғамға біртіндеп бейімдеп жатыр. Араларында теріс діни көзқарасты әлі де ұстанып отырғандар бар көрінеді. Мәселен, олардың біразы балаларын балабақшадағы тамақ халал емес деп жібермеген дейді министрлік өкілдері.

«Бір балаларға психология тұрғыдан көмек берудіміз. Өйткені, олар кішкентай. Қатты дауыстардан шошынады. Ол балалар өзге мемлекетте өсіп, соғыстан қорқып қалған», – дейді Кәмелетке толмаған балалармен әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау көрсету орталығының басшысы Айдана НҰРМАҒАНБЕТ.

Біз бас сұққан орталықта небәрі 4 бала тәрбиеленеді. Өзге жұрттың әліпбиімен хат танығандардың және олардың аналарының құқықтарын отандық мамандар толық қорғауға міндетті.  Осындай түзету, бейімдеу орталықтары 2010 жылдан бері тоғыз аймақта жұмыс істеп келеді. Жоспарда бүкіл республиканы қамту көзделген. Өкініштісі, жат ағым жетегінде кеткен еркектердің Қазақстанға қайтты дегенін мамандар айтпады.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир