Жаңа жылға үйді артық шығынсыз қалай безендіруге болады
2027 жыл шығыс күнтізбесі бойынша Отты Ешкі жылы болады. Бұл мерекелік безендіруге деген көзқарасты да өзгертеді. Көз қарататын жарқыл мен жылтырақ әшекейлердің орнына табиғи фактуралар, винтажды бұйымдар мен қанық реңктерге негізделген байсалды эстетика келед, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Үйді сәнді етіп безендіріп, дайындықты жылтыраған заттарды ретсіз сатып алуға айналдырмау үшін бірнеше негізгі бағытты таңдаған жөн.
Қандай түстер сәнде болады?
2026–2027 жылдар маусымында дизайнерлер ала-құла жылтырақ әшекейлер мен пластик шарлардың орнына талғампаз түстер палитрасын таңдауға кеңес береді.
Бұл маусымда қанық әрі жылы реңктер трендте болады. Сарапшылар негізгі түстер қатарына шарап түстес және күрең қызыл реңктерді, қанық қылқанжапырақты жасыл түсті, сондай-ақ шоколад пен карамель реңктерін жатқызады.
Композицияны металл түстес бөлшектермен толықтыруға болады. Алайда жарқыраған алтын немесе суық күмістің орнына бәсең мыс, қола немесе күңгірт жез түстерін таңдаған дұрыс.
Ал интерьерде сабырлы түстерді ұнататындарға ақ түстің күрделі реңктері, сүт түстес, інжу және құм түстері үйлеседі. Күміс пен графит түстерінің үйлесімі де қызықты шешім болмақ. Бұл безендіруге заманауи әрі ұстамды сипат береді.
Қандай материалдар мен фактураларды таңдаған жөн?
Жылдың басты тренді – көзге шамадан тыс әсер ететін әшекейлерден бас тартып, табиғи материалдарға басымдық беру. Ағаш, зығыр, керамика, шыны және қылқанжапырақты бұтақтар бір-бірімен жақсы үйлесіп, үйге жылылық сыйлайды.
Арзан жылтырақ әшекейлердің орнына дизайнерлер барқыт немесе атлас матадан жасалған ірі бантиктерді пайдалануға кеңес береді. Олар сәнді көрінеді әрі бірнеше жыл бойы қолдануға жарайды.
Қолдан жасалған әшекейлер мен тарихы бар бұйымдар да танымал бола түсуде. Ескі отбасылық шыны ойыншықтарды заманауи шарлармен, қағаз жұлдыздармен және ағаш мүсіншелермен үйлестіруге болады.
Тағы бір байқалатын үрдіс – жеуге болатын әшекейлердің қайта оралуы. Таспаларға ілінген пряниктер мен печенье көне дәстүрлерді еске түсіріп қана қоймай, оларды балалармен бірге дайындаған жағдайда отбасылық ерекше атмосфера қалыптастырады.
Шыршаны қалай безендірген дұрыс?
Мерекенің басты символын безендіру кезінде «аз болса да, сапалы болсын» қағидасын ұстанған жөн. Биіктігі шамамен 180 сантиметр болатын стандартты шыршаға көлемі әртүрлі 40–60 әшекей жеткілікті.
Алдымен гирлянданы іліп, содан кейін ірі әшекейлерді – бантиктер мен үлкен шарларды орналастырған дұрыс. Қалған бос орындарды шағын әшекейлермен толтыруға болады. Әр ойыншық көзге анық көрінуі үшін шыршада бос кеңістік қалдырған маңызды.
Егер шыршаға қырау басқандай әсер бергіңіз келсе, күңгірт күміс түсті, көгілдір-сұр реңктерді, мөлдір ойыншықтар мен қырау түскендей көрінетін шыны әшекейлерді пайдалануға болады.
Ал классиканы ұнататындар үшін қызыл мен алтын түстерінің үйлесімі әлі де ұтымды нұсқа болып қала береді. Дегенмен бұл жолы олардың қанық емес, шарап түстес бәсең реңктерін таңдаған жөн.
Артық шығынсыз интерьерді қалай өзгертуге болады?
Мерекелік көңіл күй қалыптастыру үшін пәтердің әр бұрышын безендіру міндетті емес. Дизайнерлер үш-төрт негізгі аймақты таңдауға кеңес береді. Мысалы, кіреберіс есік, терезе алды, ас үстелі немесе комод.
Есікке қылқанжапырақты бұтақтардан жасалған гүлшоқ іліп, құмыраға шырша бұтақтарынан композиция қойып, бірнеше шам жағу жеткілікті.
Тоқыма бұйымдары – интерьерді безендірудің көп жағдайда ескерілмейтін тиімді тәсілі. Шыршаның түсімен үйлесетін бірнеше сәндік жастық пен жұмсақ плед қонақ бөлменің келбетін көп шығынсыз өзгерте алады.
Шағын бөлмелер үшін терезеге ілінетін қарапайым жарықдиодты гирляндалар мен парафин шамдарын таңдаған дұрыс. Ал еденге қойылатын көлемді мүсіншелерден бас тартуға болады.
Мерекелік атмосфера қалыптастыратын қандай бөлшектер бар?
Жарықтандыруға ерекше мән берген жөн. Жылы әрі жұмсақ жарық бөлмені көп әшекейсіз-ақ өзгерте алады. Негізгі жарықты өшіріп, бөлменің бірнеше бұрышына жұмсақ жарық беретін шамдарды орналастыруға немесе майшам жағуға болады.
Шыршадағы гирляндаларды тек бұтақтардың сыртына емес, ішкі бөлігіне де орауға болады. Сонда шырша іші-сыртынан бірдей жарқырап тұрады.
Сонымен қатар жеке стиль қалыптастыру да сәнде. Ескі және жаңа әшекейлерге ортақ тақырып таңдауға болады. Мысалы, қысқы кейіпкерлер, орман жануарлары немесе белгілі бір түстер үйлесімі. Бұл безендірудің бірізді болуына және интерьердің өзіндік сипат алуына көмектеседі.
Қорытынды
2027 жылғы Жаңа жыл безендіруіндегі басты бағыт – үйлесім мен жайлылық. Үйді түрлі әшекейге толтырғаннан гөрі, бір түстік гаммаға сай келетін сапалы әрі фактурасы ерекше бірнеше бұйымды таңдаған дұрыс.
Табиғи материалдар, винтажды ойыншықтар, жұмсақ жарық пен қанық реңктер мерекелік көңіл күй қалыптастырып, бүкіл демалыс күндері бойы қуантады. Оның үстіне, қаңтар айында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізудің де қажеті болмайды.