Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының іске асырылуын талқылау «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласындағы филиалында жалғасты. Қоғамдық отырыста шаһар басшысы Бауыржан Байбек Астанадан келген қонақтарға аталмыш бастама аясында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Бүгінде қалада 22 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Сондықтан болашақта халықты баспанамен қамту үшін қарқынды құрылыс жүргізілмек. Болжам бойынша, 2035 жылға қарай алып шаһар тұрғындарының саны 3 миллионға жетеді. Осыған орай, қолжетімді баспана салуға басымдық берілмек.
Былтыр қалада 1 млн 920 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, осы жылы 15 мың 400 пәтер бой көтермек. Пәтерлер мемлекет ұсынған түрлі тиімді бағдарламалар арқылы үлестіріледі. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасы аясында несие алуға өтініш білдірген отандастарымыздың 38 пайызы Алматыдан үй алуға ниеттенген. Оның тең жартысы қазірдің өзінде мақұлданыпты. Соның арқасында 480 отбасы баспаналы болмақ. Ал «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында биыл 6 мыңнан астам пәтер қолданысқа беріледі.
«Алматы жастары» қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда 3 млрд теңге бөлінді. Өткен жылы жеңілдетілген шартпен 108 жас отбасы пәтер алды. Ал биыл осы бағдарлама арқылы кемінде, 200 пәтер бөлінеді. Біз көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді баспана салуды жалғастырамыз. Мемлекет инженерлік желілерді тарту арқылы құрылысты субсидиялайды», –деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Тұрғын үйден бөлек, жиында «жоғары білім беру», «шағын несие беруді көбейту» және «елді газбен қамтамасыз ету» мәселесі де қозғалды. Қазір Алматының 96 пайызы газдандырылған болса, жыл соңына дейін жеке сектордың барлығы көгілдір отынға көшіріледі. Бұл қала тазалығын сақтап, экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік туғызады.
Ал аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек беру үшін қала тарапынан қолдау әлі де жалғасын таппақ. Яғни, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін қала бюджетінен бөлінетін 179 млрд теңге келер жылы да кемімейді. Санақ бойынша, 210 мың алматылық 25 айлық есептік көрсеткіштен төмен жалақы алады екен. Енді олардың салық мөлшері төмендетілмек.
«Мемлекет басшысының екінші бастамасы бойынша салық заңнамасына барлық қажетті өзгерістер 2 шілдеде енгізілді. Осыған орай, 25 айлық есептік көрсеткіштен төмен жалақы алатын жұмысшылар үшін салығы 10 есеге төмендетілді. Аталған механизм 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады», – деді «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын» іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ.
«Алматыда біздің ойымша, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы нәтижелі жүзеге асырылып жатыр. Елбасымыздың бұл бастамасы халықтың әл-ауқатын ары қарай арттыруға бағытталған. Осы жұмыстардың толықтай, уақытылы және сапалы түрде жүзеге асуына біздің партиямыз қоғамдық бақылау жүргізуде», – деді
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВ.