Еуразияда балалар онкологиясын емдеумен айналысатын арнайы ұйым құрылуы мүмкін. Бұл ТМД мемлекеттері балалар онкологиясы саласы сарапшыларының екінші кездесуінде белгілі болды.
14 елден келген мамандар алдағы уақытта қатерлі ісік ауруына шалдыққан жасөспірімдердің өмір сүру ұзақтығын жақсарту жолында күш біріктірмек. Өйткені, посткеңестік мемлекеттерде оларды емдеу әрқалай жүреді. Бірінде жазылып кету мүмкіндігі жоғары болса, екіншісінде керісінше, төмен.
«Құрылатын жұмыс тобы арқылы балалар онкологиясын емдеуде бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз. Өйткені, оны емдеу әдістері әр елде әртүрлі. Жазылып кету жағдайы жоғары мемлекеттер бар. Өкінішке қарай, бұл дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығы төмен елдер де бар. Сол үшін осы тектес жиындар өткізіп отырамыз. Алғаш рет сәуір айында Мәскеуде өтсе, бүгін Алматыда ұйымдастырылды. Келесі конференция Ташкентте немесе Минскіде өтуі мүмкін», – деді Алматы қаласы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза БОРАНБАЕВА.
Ресми дерек бойынша республикада жылына 600 бала онкологиялық ауруға шалдығады екен. Оның ішінде, өткір лейкоз ауруы бірінші орында болса, ісік аурулары екінші орынға шыққан, лимфома диагнозы қойылатын жағдайлар да кездеседі. Бұл дерттерді емдейтін Қазақстанда 2 орталық бар. Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы 285 орынның 115-і онкологиялық-гемотологиялық ауруларды емдеуге арналған.