Жаңа технологиялар сайлау науқанының ажырамас бөлігіне айналды – Берік Имашев

Жаңа технологиялар сайлау науқанының ажырамас бөлігіне айналды – Берік Имашев
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жаһандану мен ақпараттық қоғам сайлау науқанының басты элементіне айналуда». Дәл осылай деген еліміздің орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев 25 жылда сайлау жүйесінде болған негізгі өзгерістерді тізіп берді. Мәселен, алғашқысы – коммуникациялық үрдіске әсер ететін технологиялық вектор.

Берік Имашев Интернет технологиясы сайлау процесінің барлық кезеңінің ажырамас компонентіне айналып отырғанын айтты. Мысалы, сайлауалды ақпараттық қамтамасыз ету мен үгіт-насихат, қашықтан дауыс беру, дауыстарды санау. Бұл үрдістердің бәрі бүгін әлемнің көптеген елдерінде автоматтандырылған және цифрландырылған.

Имашевтің айтуынша, екінші вектор – коммуникациялық болып табылады. Себебі, ақпараттық қоғам аясында өмір сүре отырып, оның қатысушысы болмау әсте мүмкін емес. Бүгінде интерактивті мүмкіншіліктер барлық кедергіні жоя отырып, кері байланысты жеделдету арқылы саяси коммуникацияны айтарлықтай жеңілдетіп отыр.

«Үшінші вектор – халықаралық-құқықтық өзгерістер. Әлем күннен-күнге барынша жаһанданып келеді. Осыдан 20 жыл бұрын бір елдің құзыретінде болған мәселелер қазіргі күні көптеген елдердің тағдырына ықпал етуі әбден мүмкін. Қазіргі заманғы технологиялар бізді жаһандық цифрлық демократияға жақындата отырып, ғаламшарлық маңыздағы мәселелер бойынша бүкіл жер тұрғындарының ерік білдіруі үшін мүмкіншілік ашады», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік ИМАШЕВ.

Елордада «Заманауи технологиялардың сайлаудағы рөлі: стандарттарды жақсарту, қоғамдық сенім» атауымен өтіп жатқан екі күндік халықаралық конференцияға 17 мемлекеттің өкілдері қатысуда. Мәселен, алқалы жиынға Әзербайжан, Тәжікстан, Латвия, Литва, Грузия, Ресей, Қырғызстан елдерінің Орталық сайлау комиссияларының төрағалары қатысуда. Бұдан өзге, үш бірдей халықаралық қауымдастықтың мүшелері де келген.

Шара аясында 25 баяндама тыңдалды. Ал ертең Еліміздің орталық сайлау комиссиясы мен Иорданияның Тәуелсіз сайлау комиссиясы және Әзербайжан орталық сайлау комиссиясы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылады деп күтілуде.


Новости партнеров