Жедел жәрдем жүргізушісінің бетіне газ шашқан жігіт өз әрекетіне өкініш білдірді

Жедел жәрдем жүргізушісінің бетіне газ шашқан жігіт өз әрекетіне өкініш білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жедел жәрдем тізгіншісінің бетіне химиялық зат шашқан жігіт өз ісіне өкініп отыр. Айтуынша, ол бұл әрекетке өзін қорғау мақсатында барған-мыс. Есте болса, 11 желтоқсанда шақыртуға барған жедел жәрдем бригадасының жүргізушісі зардап шеккен еді. Ерегіскен екінші адам оның бетіне белгісіз сұйықтық шашып жіберген. Біздің түсіру тобымыз оқиға орнына барып, айыпты жігітті сөзге тартты.

1 желтоқсан күні кешкілік сағат сегіздер шамасында Жетісу ауданындағы Винтера көшесінде жедел жәрдем жүргізушісіне қатысты оқиға осы жерде орын алған. Яғни, оқиғаға қатысы бар адамның айтуынша, көлік осы жерге тоқтап, үйдің кіреберісіне, ауласына кедергі келтірген екен.

Оқиға «кейіпкері» жігіт, яғни жедел жәрдем тізгіншісіне шабуыл жасады деген күдікпен полицияның тергеу бөлімінен шыққан Камал Мәлік өз әрекетіне өкініп жүр. Дегенмен, айтар уәжі де бар екен.

«Әрине, жағдайдың солай болғанына өкінемін. Газ баллоннан шашпай-ақ, кеудесінен итеріп жіберсем де, жетіп жатыр еді. Бірақ мен өзім де қорқып кеткендіктен, оның бетіне 2 рет шашып жіберіппін...», – деп өкініш білдіреді күдікті Камал МӘЛІК.

Жедел жәрдем қызметін Винтер көшесіндегі 60-шы үйдің тұрғыны шақырған. Ол аяғын қайырып алған екен. Алайда, дау-дамайдың қалай өрбігені байқамай да қалдым дейді.

«Бір ер адам үшін де, мен үшін де жедел жәрдем көліктері келіпті. Не болып жатқанын өзіміз де түсінбей қалдық. Сыртқа шықсам, жедел жәрдем көлігі тұр екен, ал жанында бір ер адам жатты. Фельдшер бізге үйге кіріңіздер деді, тіпті ештеңе байқап та үлгермедім. Сондықтан ештеңе айта алмаймын...», – деді сол күні жедел жәрдем шақырған тұрғын.

Жүргізушіге газ баллонын ала жүгірген Камалдың әкесі барлығына жүргізушінің өзін кінәлі деп санайды. Айтуынша, баласы анасын ауруханаға апаруы керек болған. Сол сәтте жедел жәрдем көлігі оның шығуына кедергі келтіріпті. Алып тастауды өтінгенде, жүргізуші 20 минут күт деп қысқа қайырған.

«Мына жақтан келіп, жолдың ортасына көлікті қаңтарып қойған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, көше тар. Менің балам шыға алмайтынын айтып, көлікті алуды сұраған. Ол 20 минут күтесің деп айтқан. Ешкім жоқ қой, сәл алға қарай жүріңіз мен шығып кетейін дегенде, көліктен шығып менің балама ұмтылып, былапыт сөздер айта бастаған. Оқиға солай басталды», – дейді Мәлік ШЕФУЗОВ.

Тәртіп сақшылары бозбаладан оқиғаның мән-жайын сұрап еркіне қоя берген. Ал мойнының үстіңгі жағы мен бетін күйік шалған жедел жәрдем каретасының жүргізушісі Алмабеков Ринат қазір №4 клиникалық ауруханада дәрігерлердің бақылауында ем алып жатыр.

«Денесінің 4 пайыз аумағын 1-ші, 2-ші дәрежелі химиялық күйік шалған деген диагноз қойылды. Ауруханаға түскен уақытында науқастың жағдайы орташа деп бағаланды. Жарасын қарап, тиісті диагноз қойылғаннан кейін ол күйік бөлімшесіне жатқызылды. Қазір Алмабеков Ринат оңалып келеді», – деді Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасы күйік бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан БИҚОҢЫРОВ.

Күйіктің жазылуы уақытты талап етеді екен. Бірақ жараның орны мен тыртықтың қалатыны жөнінде дәрігерлер дөп басып ештеңе айта алмай отыр. Бірақ еңбекке біраз уақыт жарамсыз болады дейді. Өйткені, қойылған диагнозымен науқасқа суыққа шығуға болмайды.


Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров