Алматыда Астананың күндері ауқымды тойланып жатыр. Оның аясында жоспарланған шаралар 19 қыркүйекте басталған. Алдағы демалыс күндері қызықты қойылым, концерт және көрмелер өтеді.
Астана күні аясында өткен алғашқы шаралардың бірі – «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ театрының концерті. Әртістер қойылымда өмірден алынған шынайы әзілдер, оның ішінде ауылдағы ағайын, ерлі-зайыптылар арасында кездесетін түрлі жайттар, қалалықтардың өмірі сынды тақырыптағы сықақ әңгімелерді айтып, сахналады.
Бұдан бөлек, ашық аспан астында ең алғаш рет «Open Air» атты «Формат» тобы мен әнші Қайрат Баекеновтың жеке шығармашылық концерті өтеді деп күтілуде. Ол демалыс күні «Астана» алаңында сағат 19:00 де басталады.
«Алматыға алып келген бағдарламамыз өте ауқымды. Тек концерттер емес, театрланған қойылымдар да көрсетпекпіз. Атап айтқанда, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театры, Жастар театры, қуыршақ театрлары Алматыға келіп, жергілікті тұрғындарға өнерлерін көрсететін болады», – дейді Астана қалалық Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима АБЫЛҚЫЗЫ.
Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында отандық және шетелдік суретшілердің еңбектері ұсынылған «Шекара» көрмесі ашылды. Мұнда Еуропа мен Азияның 11 елінің 16 қаласынан келген шеберлердің жұмыстары қойылған. Ерекше туындылар арасында ән салуға, кино көруге және естелікке орамал алуға болады. Туындылар музейдің барлық залын алып жатыр. 20-дан астам еңбек бұған дейін Ресейдің Санкт-Петербург, Красноярск, Киев, Минск және Дортмунд қалаларында көпшілік назарына ұсынылған.
«Еліміздің атынан бірнеше суретші өз жұмыстарын ұсынып отыр. Соның ішінде Сәуле Дүйсенбина, ол Еуропа стилистикасын қолдана отырып, түрлі түсқағаздарды жасаған. Тематикасы – ұлттық. Осы арқылы Еуропа мен Азияны біріктіріп отыр. Одан бөлек, Әзірбайжаннан келген суретші Фархад Фарзалиев «Мугам-Караоке» еңбегін ұсынған. Бұл жоба аясында жүз жылдан аса тарихы бар ұлттық музыка жаңа технология арқылы жаңғыртылып отыр», – дейді Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының баспасөз қызметі жетекшісі Клара ИСАБАЕВА.
Ал, жексенбі күні Медеу шатқалында «Медеу» баспалдақ шарасы өтпек. Оған кез келген азамат қатыса алады. Бұқаралық шараның ең кіші және ең жасы үлкен қатысушылары 100 баспалдақта сынға түседі. Бұдан бөлек жас ерекшелігіне байланысты тағы 5 кезең бар. Ең мықтылары 841 баспалдақты еңсеруі қажет.
Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы