Алматының коммуналдық қызметтері қытымыр қысқа тастүйін дайын. Биыл елімізде қаһарлы қыс болатынын ескерген жауапты басқарма өкілдері, қала көшелерін ақ ұлпадан аршуға 3 мыңға тарта адам жұмылдырмақ. Ал қарды 1 мыңнан астам арнайы техника тазартады. Оның 13-і енді ғана сатып алынған су жаңа машина екен. Жалпы, алып шаһарды көктайғақтан қорғайтын қоспалар қоры жеткілікті ме?
Коммуналдық қызметкерлер үшін қала көшелерін тазартуға арналған таптырмас техниканың бірі – мына даттық машина. Көпфункционалды «Epok» техникасы жазда көшелерді жууға қолданылса, қыста ақ ұлпадан арылтуға қолайлы екен. Көліктің үстіндегі цистернаға 6 тонна тұз құйылып, көшелерді көктайғақтан қорғау үшін себіледі. Артынша арнайы щеткасы еріген мұзды тазартып шығады. Бұған дейін қалада мұндай ауыр техниканың 14-і жұмыс істеп келген еді. Көліктің тиімділігін көрген коммуналшылар енді биыл олардың тағы алтауын сатып алмақ.
«Тұз сепкенде әр шаршы метрге қанша грамм керек екенін өзі автоматты түрде анықтап шығады. Ол жауған қар мөлшеріне байланысты, температура да автоматты түрде реттеліп отырады. Тұз сепкеннен кейін жол қатпайды. Біз бұрын құм себетін едік қой, ал бұл машиналар құм сеппейтіндіктен жол таза болып қалады. Кейін көшелерді сыпыру да оңайға түседі», – деді «Алматы тазалық» МКК Бостандық ауданы бойынша басшысы Нұрлан САҚБАЕВ.
Биыл жалпы саны 1050 арнайы техника қала көшелерін қардан тазартады. Оның 13-і енді ғана сатып алынған су жаңа машиналар екен. Көліктердің қатарында «Epok» техникасынан бөлек, тротуарлардағы көк мұзды күреуге арналған шағын тракторлар да бар. Жалпы, Алматыдағы қардан аршылатын көше аумағы 23 миллион шаршы метрден асып жығылады. Оның 60 пайыздан астамын «Алматы тазалық» мекемесі тазаласа, қалған аумақты ақ ұлпадан арылту 13 шағын кәсіпорынның мойнында.
«Биыл біздің мекемемізде жалпы саны 628 техникамыз бар. Оның барлығы қыста жұмыс істейді деп айта алмаймын. Шамамен, 500-ден астам көлігіміз қар тазалауға жұмылдырылады. «Jetbroom» техникамыздың санын 8-ге жеткіздік. Ол әсіресе, магистралды үлкен көшелердің қарын күреуге қолайлы. Сондықтан бұл техниканы осы қыста біржақты қозғалыстағы көшелерді тазартуға қолданамыз», – деді «Алматы тазалық» МКК директорының орынбасары Александр КИН.
Былтыр қаладағы жүргіншілерге арналған көшелердің қарын күреуге Швейцариядан әкелінген шағын 20 «пони» техникасы қолданылған. 50 шақты жұмысшы сол аумақтардың тазалығына жауапты болған еді. Осы қыста да бұл жұмыстар өз жалғасын таппақ. Абай, Абылай хан және Назарбаев даңғылындағы кеспетас төселген жерлерді тазартуға 5 шағын трактор бөлініп отыр.
«Осы қысқа 72 мың тонна құм аралас хлор қоспасы мен 15 мың тонна тұз дайын тұр. Есебіміз бойынша қоспалар жетуі тиіс. Бірақ қар қалың түссе қажетінше қосымша тағы әкелеміз», – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Александр СЕРГЕЕВ.
Қаланың коммуналдық қызмет өкілдері қысқы маусымға тастүйін дайынбыз деп сендірді. Олар техникаларға жанар-жағармай қоры да жеткілікті екенін айтады. Айта кетсек, биыл қыс қаһарлы болатынын ескерген жауапты мекемелер жұмысшылардың санын да арттыруға бекініп отыр. Осы жылы қар күреу жұмыстарына 3000-ға жуық адам жұмылдырылады.
Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы