Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Михайл Грачев Түрксіб аудандық ардагерлермен кездесті. Кандидат бүгінге дейін жергілікті халықпен 30-ға жуық кездесу өткізген. Үміткердің сайлауалды бағдарламасымен танысқан халық көкейде жүрген сауалдарын қойды. Зейнеткерлер демалатын саябақтар мен алаңдарды көбейткен жөн екенін айтты. Сонымен қатар, ардагерлер Михайл Грачевтың қазақ тілін үйрену керегін де ескертті.
«30-ға жуық кездесу барысында халықтың проблемалық мәселелерін тыңдадық. Сұрақтардың барлығы тұрғындардың жанайқайы деуге болады. Біз мәселелерді қарастыруды бастадық. Мәселен, «Пятилеткадағы» жұмыс жасап тұрған почта бөлімшесінің жабылуы. Почта бөлімшесі жұмысын тоқтатпауы керек. Онда қаншама зейнеткерлер зейнетақы алады, хаттар жібереді, газеттер алады. Үлкен мәселе туындады. Почта бөлімшесі жабылмайтын болды. Зейнеткерлер риза болып қалды», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Михаил ГРАЧЁВ.
Жарықтың үнемі өшіп қалуы түрксібтіктерді жиі мазалайды. Тұрғындар бұл жөнінде Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Гүлнас Кенжетайқызымен кездесу барысында айтты. Жергілікті халықты уайымға салып отырған тағы бір мәселе – автобус бағыты. Тіпті, көпшілік өзара келісіп, автобус бағытының өздеріне қажетті сызбасын да дайындап қойған.
«Колхозшы» шағын ауданында өздеріңіз көргендей, жұрт көп жиналды. Халық тарапынан өтініш-тілек те көп болды. Олардың бәрін орындауға болады деп санаймын. Әсіресе, №41 автобустың жүру бағыты мен жүру мерзімін қарастыру керек», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Гүлнас АХМЕТОВА.
Ал Жетісу ауданының тұрғындарымен күнделікті кездесу өткізетін Асхат Қашқынбайұлы 4 нақты мәселені қарастыратынын жеткізді. Жиналған дүйім жұрт ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне мән беру керегін алға тартты. Мектептің алдындағы жаяу жүргіншілер жолына бейнебақылау орнатылса дейді жергілікті халық.
«Менің кәсіпорным да осы ауданда орналасқан. Сондықтан Жетісу ауданындағы көп мәселені жетік білемін. 3 аптадан бері үздіксіз кездесу өткізіп келе жатырмын. Тұрғындардың мәселесіне қанықпын. Қаланың қауіпсіздігі – тұрғындардың қауіпсіздігі. Бейнебақылау орнату, абаттандыру, қауіпсіздікті күшейту, міне, бірінші орында осы мәселелермен айналысатын боламын», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Асхат ШІЛІКБАЕВ.
Айта кетейік, үш округ бойынша шығып қалған депутаттардың орнына 9 адам дәмелі. Сайлау 28 қазанда Түрксіб және Жетісу аудандарында өтеді.