Астанада алты автобус бағытының 65 жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартты. Таңғы аязда діттеген жеріне жете алмаған жолаушылар әлеуметтік желіде наразылық білдірді.
Күнделікті қызметіне қалалық № 2 автопаркінің №4, №17, №22, №44, сондай-ақ №50 және №52 бағыттағы автобустары шықпаған. Бұл әрекетті қоғамдық көлік тізгіншілері тасымалдаушы көлік компаниясының бірнеше ай бойы жалақы төлемей келгендігімен түсіндірген. Жағдайға әкімшілік пен «Астана ЛРТ» өкілдері араласқан. Шенеуніктер айлық екі күнде төленетініне уәде беріп отыр.
«Әкімшілік пен «Астана ЛРТ» жедел түрде келіссөздер өткізді. Сол келіссөздер нәтижесінде, осы екі күннің ішінде жүргізушілерге толық және барлық жалақыларын төлеп бітіреміз деп уәде берді», – деді «Астана ЛРТ» компаниясының қоғаммен байланыс қызметінің өкілі Әлия ЖАРҚЫНБЕКОВА.