|
12.11.2018 | 15:37
8071

Астанадағы көпқабатты үйлер басқарудың жаңа жүйесіне көше бастады

Астанадағы көпқабатты үйлер басқарудың жаңа жүйесіне көше бастады

«Пәтер иелері кооперативтері «Өзім – би, өзім – қожа» қағидасымен жұмыс істеп жатыр. Қарапайым бұқараның қалтасынан кеткен қаражаттың қайда құйылғаны, көп кезекте түсініксіз». Дәл осындай пікірді алға тартқан еліміздің Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бұл түйткілді шешу үшін «Бір үй – бір мүліктің меншік иелері бірлестігі – бір шот» жобасы қолға алынатынын өткен аптада мәлімдеген болатын. Мұны естіген астаналық ПИК өкілдері жойылып кетеміз деп әуре-сарсаңға түсуде. Ал сарапшы мамандар «жаңашылдық – заман талабы» дейді.

Александр Киль 20 жыл бойы басқарушы компаниялардың бірін басқарып келеді. Ол «Бір үй – бір мүліктің меншік иелері бірлестігі – бір шот» жобасына күмәнмен қарайды. Тіпті, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы жаңашылдықты «құрғақ қиял» деп отыр.  

«Бұл жоба өзін ақтап шыға алмайды. Мәселен, 50 пәтерлі ескі үй болса қайтеді? Онда сантехник, еден жуушы, шебер сияқты қызметкерлерді ұстау керек. Оларға ақы төлеу керек. Сондықтан, бұл жобаны бос арман дер едім. Оның үстіне, тұрғындардың бүгінгі белсенділігі небәрі, 5 пайыз. Мүлік иелері үйлерін басқару түгілі жиналысқа да келмейді», – дейді Астана қаласы Байқоңыр ауданы ПИК қауымдастығының мүшесі Александр КИЛЬ.    

Александр Киль елімізде 35 мың тұрғын үйдің тек 23 пайызына ПИК-тер қызмет көрсететінін айтады. Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің жұмыс тобына кіретін ол аталған заңнамадағы реформалар басқарудың бұл пішінін мүлдем жойып жібереді деп отыр. Ал өткен аптада орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев қазіргі ПИК-тердің тек пішінін өзгерту керек дегенді алға тартқан болатын.

«Құрметті пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары, қорықпаңыздар. Сіздерді жойып жіберу мақсаты тұрған жоқ. Сіздер тек екі пішінге өзгерулеріңіз керек. Біріншісі – мүлік иелері бірлестіктері болып, бір үйге ғана қызмет көрсету немесе басқару компаниясы болып құрылып, 20-30 үйді басқару таңдауы тұр алдарыңызда», – деді вице-министр Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.

Қазірдің өзінде шаһардағы Бір тұрғын үй мүлік иелері бірлестігі болып рәсімделуге сақадай сай. Сауран көшесі, 9-үй мекенжайындағы бұл үйдің тұрғындары баспаналарын өздері басқарады. Айтуларынша, бұл пішін басқаларға қарағанда әлдеқайда тиімдірек. Себебі, клинингтік, жөндеу, сантехникалық компаниялармен келісімшарт жасасқан олар төлемді нақты факт бойынша, яғни атқарылған жұмыс үшін ғана жүргізеді.  

Басқарудың бұл пішініне тұрғындар биыл көктемде көшкен. Ынталы топ жиналып, төрағасы мен ревизиялық комиссиясының мүшелерін дауыс беру арқылы құрған.

«Тоқсанына бір мәрте тұрғындармен жиналыс өткіземіз. Оған дейін ревизиялық комиссия келіп, барлық шоттарды, қаржылық бөлімді, бүкіл чектерді, банктік көшірмелерді тексеріп, акт құрады. Жиналыста халыққа ұсынады. Келе алмағандарға фотоесебін жүргізіп, арнайы чат арқылы жолдайды», – дейді «Сауран қала кешені» ҚҚ төрайымы Мадина ӘБІШЕВА.

Жаңашылдыққа тұрғындар риза. Себебі, олар осыған дейін қалтасынан кеткен ақшаның қайда жұмсалғанын білмеген. Ал қазір атқарылып жатқан жұмыстарда нақты есеп бар дейді.  

«Жөндеуді өзіміз жасадық, ақша жидық, бәрі ойдағыдай болды. Бұрын үйге қонақ келгенде қысылатынбыз. Қазір жақсы, лифт жөнделді, есіктерді ауыстырды», - дейді осы үйдің тұрғыны Алтыншаш ҚАДЫРОВА.

Экономист-сарапшылар соңғы 20 жылда ПИК-тер қызмет көрсету мен еліміздің тұрғын үй қорын сақтау міндетін атқара алмағанын айтады. Сондықтан басқаруды мүлік иелеріне тапсыру – заман талабы. «Кооператив» сөзінің өзі шағын және орта бизнесті меңзейді деді.  

«Пәтер иелерінің кооперативі басқа формаға ауысатын болса, үйді күтіп ұстау, жөндеу, қаржылық мәселелер секілді барлық іс-әрекетке тұрғындардың өздері араласады. Біз алдымен халықаралық тәжірибелерді зерттеп алуымыз керек. Содан кейін ғана бұл жобаға кірісуге болады. Барлық жүйені бірден ауыстырып жіберу мүмкін емес, оған үлкен қаражат қажет», – дейді экономист Асхат СҮЛЕЙМЕНОВ.

Сарапшылар шамамен, 15, 20, 30 үйді басқарып отырған ПИК-тердің қаржысы бір шотқа құйылады дейді. Демек, тұрғындар үшін ашықтық жоқ. Дегенмен, олар жаңашылдықты кезең-кезеңмен жүргізу қажеттігін айтуда.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир