Желтоқсаншылар: «Бұрынғы НКВД ғимараты киелі жерлер тізіміне енуі керек»

04.10.2018 00:36

Желтоқсан қозғалысының белсенділері бүгін Алматыда қарсылық акциясына шықты. Кезінде советтік солақай саясатқа қарсы шығып, ақ қар, көз мұзда қуғындалған белсенділер енді тарихи ескерткіштің сатылуына наразы.

Олардың пікірінше, кезінде Алаш арыстары тоғытылған бұрынғы НКВД үйі мұражайға айналуы тиіс. Белсенділер қолдан қолға өтіп, қожайындары жиі ауысатын  ғимарат Алматыдағы киелі жерлердің тізіміне алынуы тиіс дейді.  

Жасы сексенді алқымдаған Саят ақсақал «сұр ғимаратты көргенде әкем осында  әлі отырғандай әсерде болам кейде» дейді. Айтуынша, зұлмат замандағы сұсты орынға әкесін іздеп, анасымен бірге талай келген. Іляс Жансүгіров бұрынғы НКВД ғимаратында үш ай тергеліп, ақыры тағдыры осында шешілген.    

«Қамалған. Осы жерде болып, үш айдай жатты. Осында шешемізбен бірге келетінбіз. Кейіннен марқұм болып кеткен інім Болат сол уақытта енді дүниеге келген еді. Ілекең 37-ші жылы ұсталғанда, анам Болатты қолына көтеріп әкеп, көрсететін еді», – деп еске алады І. Жансүгіровтың ұлы Саят ЖАНСҮГІРОВ.  

Наурызбай мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан ғимарат 1934 жылы салынған. Бұл сталиндік сайқал саясаттың семсеріне тап келген талай Алаш азаматы азапталған орын. Төменгі қабаттағы және жертөледегі жендеттер жаны жайсаң талай жанның түбіне осы жерде жеткен, сондықтан бұл аумақ қалталылардың қаржы табатын орны емес, халыққа кешегі күннің шындығы туралы еске салар музей болуы тиіс дейді жиналған желтоқсаншылар.

«Өткенде, шілде айында осы жерге тағы келгенбіз, бір өзгеріс бола ма деп күткен едік, керісінше, қоршап алыпты. Ескерткішті бұзып тастапты. Бізді енді кіргізбей отыр, біз жолай алмай отырмыз», – деді «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Талғат КӨБЕГЕНОВ.  

«Бұл әрекетті қорлау деп түсінбеске амал жоқ. Ата-бабамыздың егемендік үшін қан төккен, азап шеккен жерінде, солардың сүйегі қалған моланың үстіне көңіл көтеру орнын салып жатса, қалайша бей-жай қарап отыруға болады? Сонда ертеңгі ұрпаққа қандай тарих туралы айтпақпыз?», – дейді «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Айтжамал ШАХТЫБАЕВА.

Ғимараттың 600 шаршы метр жері 2003-2005 жылдар арасында мұражайға айналған. Бірақ аумақ түгелдей жекеменшікке қайта сатылып кеткенде, жаңа қожайын қаралы күннен қалған естелік заттарды  қоқысқа тастаған дейді бұрынғы мұражайдың жетекшісі Жұмабек Ашуұлы.

«Мен 13 жыл бойы осы ғимаратты қайтарып алу туралы ұсыныс айтып келе жатырмын. Оның бірінші жолы – ғимаратқа ие болып отырған адамдарға мұның қандай ғимарат екенін түсіндіру керек. Өздері түсінсе, бәлкім, райларынан қайтар еді. Оған көнбесе, басқа ғимаратпен айырбас жасасу керек. Оған көнбесе, ақшасын беріп сатып алу керек. Тіпті оған да көнбей жатса, мұның тарихи ғимарат екенін дәлелдеп, міндетті түрде сот арқылы дәлелдеу керек. Біз «Саяхат» автовокзалын тарихи ескерткіш дейміз, әлдебір көпестің үйін тарихи ескерткіш дейміз. Ал мынадай қазақтың беткеұстар азаматтарының қаны төгілген, тарих ақтаңдағының куәсі болған мұндай ғимаратқа жанашырлықпен қараудың орнына, кім көрінгеннің таптауына, мазаққа айналдыруына жол беріп отырмыз», – деді «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары» қауымдастығының төрағасы Жұмабек АШУҰЛЫ.  

Қарсылық шарасына келгендер ғимараттың қазіргі қожайынмен кездесуді талап еткенмен, бұл жолы да тірі жан тіс жармады.

Қазақ зиялылары қамалған жертөледегі түрме жекенің меншігі болмауы керек. Осылай деген желтоқсаншылар кезекті рет қарсылық танытып, Үкіметке үндеу жолдады. Ал қарсылыққа қарамастан, ғимараттың қазіргі қожайындары қазақ үшін қасиетті де қастерлі саналатын орынды қоршап, алдағы уақытта қонақүйге айналдыру үшін күрделі жөндеу жұмыстарын бастап кеткен.

Әмірболат Құсайынұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы